Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анасын қорғаймын деп ажал құшты: Әйелі мен 16 жастағы ұлын өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

Әйелі мен ұлын пышақтап өлтірген ер адам сотталдыФото: Freepik.com

Қостанай облысында қызғаныштан әйелі мен ұлын өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелі мен кәмелетке толмаған ұлын пышақтап өлтірген Аманқарағай ауылының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Оқиғаның мән-жайы

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 29 қыркүйекте болған. Ерлі-зайыпты ажырасу процесінде жүрген. Алайда ер адам ажырасқысы келмей, отбасын сақтап қалуға тырысқан көрінеді.

Ерлі-зайыпты бұған дейін де, бірге тұрғандарына 14–15 жыл өткенде алғаш рет ажырасу мәселесін көтерген, бірақ олар татуласып, өмірлерін жалғастырған. Ал 2025 жылғы жазында тағы да дағдарыс басталған.

“Біз болашаққа жоспар құрдық, екі бөлмедегі жөндеуді аяқтағымыз келді, материалдарын алып қойғанбыз. Жазғы асүй салуды ойладық. Тамыздың басында жұбайым ағаш кесетін цехқа жұмысқа орналасты. Сол кезден бастап арақатынасымыз шиеленісе түсті”, – деді айыпталушы.

Оның айтуынша, сол цехта Расул есімді ер адам жұмыс істеген, Светлана соған ғашық болып қалған. Әйел сол адамға жақын болу үшін жұмысқа тұрған.

Сотталушының сөзінше, ол бұрын олардың үйіне сүт пен шие сатып алуға келген. Осындай күндердің бірінен кейін Светлана Расулмен бірге жидекті апарып қайтуға кетіп, бірнеше сағаттан соң ғана оралған. Кейінірек ол күйеуіне сол кезде алғаш рет опасыздық жасағанын мойындаған.

“Мен онымен сөйлесуге тырыстым, бірақ ол опасыздық жайлы сұрақтардан қашқақтады. Көзінен бәрі көрініп тұрды… Кейін ажырасу, мүлікті бөлу туралы нақты әңгімелер басталды. Ол 30 жыл бойы мені сүймегенін, ал оны жақсы көретінін айтты. Күн сайын кешке сонымен кездесетін болды. Көршілер саусағымен шұқшия бастады, сырттан сыбыс көбейді. Маған өте ауыр тиді. Бір жарым апта бойы соңынан еріп, отбасымды сақтап қалуды өтіндім, балалардан да, тіпті ұлымның жаттықтырушысынан да сөйлесуін сұрадым… Ол келіспей, ажырасу керек екенін айтты”, – деді ол.

Сотталушы отбасы үшін маңызды күн – некелеріне тура 30 жыл толған күні әйелімен сөйлесіп, соңғы рет райынан қайтаруға тырысады. Осылайша, түнгі екілер шамасында ол асүйден пышақ пен кәді алып, тамақ әзірлеуге әйелін шақырмақ болған. Ұлының бөлмесінен өтіп бара жатып, оны оятып алған. Екеуінің арасында аяқ астынан ұрыс шығып, төбелеске ұласқан. Отбасы отағасының сөзінше, абдырап қалған күйі ол кәмелетке толмаған ұлына пышақ жарақатын салған, кейін “шабуылды тойтармақ” болып жұбайына да соққы жасаған. Қанды көрген соң бөлмеден жүгіріп шығып, артынша қайта кіргенде екеуінің де ауыр жараланғанын көрген. Алған көптеген пышақ жарақаттарының салдарынан сотталушының кәмелетке толмаған ұлы Д. мен оның жұбайы С. оқиға орнында қайтыс болған.

Оқиғадан кейін, сотталушы киініп, арқан алып, асылуға тырысқан, бірақ сәтсіз болған.

“Асылмасам, өзімді пышақтаймын деп ойладым. Пышақты өзіммен ала шықтым, бірақ киініп жатқанда түсіріп алдым”, – деді Нечаев.

Ол үйден шығып, әдеттегідей қақпаны жауып, көз көрген жаққа қарай кетіп қалған. Оның айтуынша, Аманқарағайдан орман арқылы Қазанбасыға дейін дерлік жеткен (арақашықтық шамамен 45 шақырым). Орманда тағы да өз-өзіне қол жұмсамақ болған, бірақ ағаш бұтағы сынып кеткен.

“Орманда отырып, не істеп қойғанымды ойладым. Соңы немен бітетінін түсіндім. Үйге қайтуға шешім қабылдадым. Олар тірі болуы мүмкін деген үміт болды”, – деді Нечаев.

Осылайша, таңғы 6-7 шамасында Аманқарағайға оралған. 

Сот отырысы

Ер адам ізін суытпай ұсталған. Сотта ол кінәсін мойындады, алайда ұлы мен жұбайын өлтіру ниеті болмағанын, туыстарына пышақ жарақатын салу кезінде шок күйінде болғанын айтты. Қорғау тарапы болған жағдай аяқ астынан болғанын, отбасы отағасында кісі өлтіруге ниет болмағанын алға тартты. Ерлі-зайыптылардың қызы әкесін қатаң жазаламауды сұрады.

Ал мемлекеттік айыптаушы сотталушыға қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот бұл талапты қолдады.

“Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалсын”, – деді судья Жаннара Тлеубаева

Бұған қоса, сот барысында қылмыстың алдын ала жоспарланғаны айтылды. Айыпталушы өзімен бірге пышақ қана емес, отбасы мүшелерін байлау үшін пластик хомуттарды да алып келген, сондай-ақ көршілер айқай-шу естімеуі үшін желкөздерді жауып қойған.

Кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, ер адам саналы түрде әрекет етіп, өз іс-әрекетіне толық есеп берген. Сонымен қатар айыпталушы өкіну белгілерін танытпаған және сот процесі барысында жұбайының моральдық қасиеттеріне назар аударып, жауапкершілікті өзінен ысырып тастауға тырысқан.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 20 Ақпан, 2026 17:05