Қыздың анасына айыппұл салған: Павлодарда 6 жасар оқушы мұғалімді тістеп алып, маман полиция мен жедел жәрдем шақырған
Фото: Shutterstock
Павлодарда алты жасар қыз мұғалімді тістеп алып, маман жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жағдай Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде болған. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін педагог-ассистентті алты жастағы бала тістеп алған. Сосын маман жедел жәрдем мен полиция шақырған. Жағдайды Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенева желідегі парақшасында мәлімдеді.
Не болды
Балалар омбудсменінің айтуынша, оқиға былтыр 17 желтоқсанда болған. Бірінші сынып оқушысының анасы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) оқыту, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеттерін орындамау) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК (2025 жыл 78 640 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.
“Оқиға қалалық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда қаралды. Онда алты жастағы ерекше білім беру қажеттілігі бар қыз балаға және оның заңды өкіліне шара қолдану талап етілді. Себеп баланың педагог-ассистентті тістеп алғаны туралы шағым. Ал педагог уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты жедел жәрдем шақырып, ананы жауапкершілікке тарту үшін полицияға жүгінген”, – деді Шәкенева.
Ананың пікірі
Қыз баланың анасы Надежданың айтуынша, бұл әрекеттер қызын үйден оқытуға мәжбүрлеу үшін жасалып жатыр.
“Педагог-ассистент (ата-аналар тьютор деп атайды) балаға қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның (ПМПК) қорытындысы бойынша бекітілген. Қызым — ақыл-есі дұрыс, сөйлейді, оқиды, жазады, оқу бағдарламасына ілесе алады. Оны үйден оқытуға көшіруге негіз көріп тұрған жоқпын, себебі ол қоғамда оқуға құқылы. Қазір жасы алты жарымда, бірінші сыныпта оқып жүр. Бала Психологиялық, медициналық және педагогикалық комиссиядан екі рет өтті. Комиссия қорытындысына сай жалпы білім беру бағдарламасымен, бірақ педагог-ассистенттің сүйемелдеуімен оқиды”, – деді анасы.
Педагог-ассистент не үшін қажет?
Надежданың айтуынша, мектеп әкімшілігі баласының сабақ кезінде сынып ішінде жүгіретініне, оқудан бас тартатынына, тіпті партаның астына жатып алатынына жиі шағымданған.
Сәуле Шәкеневаның айтуынша, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін педагог-ассистент мұндай мінез-құлық баланың диагнозына байланысты болуы мүмкін екенін ескеруі тиіс. Мұндай жағдайда педагогтың басты міндеті баланың күрделі мінез-құлқын реттеп, оған дұрыс тәсіл табу.
Тікелей эфир барысында ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары мұндай жағдайлардың Қазақстандағы өзге білім беру ұйымдарында да кездесетінін айтты.
Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл бұл жағдайды бақылауда ұстайтынын және оқиға болған №11 орта мектепке өзі барып, мән-жайды жан-жақты зерделейтінін жеткізді.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты