"Қыздар клубқа барып өлсе обалы жоқ”: Желіде өзін діни ұстаз ретінде таныстырған азаматтың пікірі дау тудырды

Желіде “қыздар, клубқа барып өліп қалса обалы жоқ” деп мәлімдеген діни ұстаздың басы дауға қалды. Желі қолданушылары оның пікірін адам өмірінің құндылығын жоққа шығаратын көзқарас ретінде қабылдап, оларға “ұстаз” дәрежесін кім береді деген сауал қойды. Осы орайда Stan.kz мүфтияттан осы сұраққа жауап алып көрді.
Өзін “діни ұстаз” ретінде таныстырған азаматтың Threads желісіндегі мәлімдемесі қазақстандықтар арасында дау тудырды. Жазбада “ұстаз”:
“Қыздар клубқа барып өліп қалсаңдар. обалдарың жоқ. “Охота на розового зайца” режиссеріне рақмет! Қоғамдағы лас нәрсені қозғаған” деп жазған.
Скрин: Threads
Десе де оның бұл пікірі желі қолданушылары арасында радикалды, адам өмірінің құндылығын жоққа шығаратын көзқарас ретінде қабылданды. Сондай-ақ олар бұл кісілерге “діни ұстаз” дәрежесін кім береді деген сауал қойды.
“Ұстаз, үкімін айтып жіберіңізші! Әйелдер үйінде өлсе обалы бола ма? Мысалы Талғарда күйеуі екіқабат әйелін 5 жасар қызымен ұйықтап жатқан жерінде пышақтап өлтіріпті. Жалпы әйелдер қай жерде өлгені дұрыс? Қай жерде жүргені дұрыс? Меккеге қажылықта жүрсе де еркектер тиіседі, хиджабта жүрген қыздарды да зорлайды. Кішкентай қыздарға да тыныштық жоқ. Кішкене шынайы өмірге мойын бұрасыздар ма? Статистика, жаңалықтар қарап, зерттеулер оқисыздар ма?”, – деп жазды коуч Роза Әшірбаева.
Скрин: Threads
“Әр иегінде сақал бар еркек, басында орамал бар әйел ұстаз емес. Ұстаз деген сөздің салмағы ауыр. Қазір дін жайлы бір-екі аят-хадис оқыған шала сауаттылар “исламтанушы”, “Құран ұстазы” деген атақты арқалап жүр. Өтімді болу үшін дінді жамылуды қойыңдар. Айтқан әрбір қате сөздерің мен сауатсыз пікірлерің бүлікке себеп болатын дайын құрал. Балым деген қарындасымыздың сауатсыз сөзі үшін барлық ұстазды бір қазанға салып күйдірмеңдер. Әркім өз сөзіне өзі жауап береді”.

“Ұстаз деп мектептегі мұғалімдерге айтады. Олар жалпақ тілмен айтсақ бір ұлтты тәрбиелеп шығатын адамдар. Ал оларды Молда десең болады, білесіздер ғой кезінде қандай-қандай ұстаздар өтті, Аристотель, Ибн Сина, Әл Фараби, Конфуций, Марк Аврелий секілділер. Міне солар – ұстаздар”.
“Қазір екінің бірін “ұстаз” деп атайтын не мода? Біліп жүріңдер, қазақта жалғыз ғана ұстаз бар, ол – Ахмет Байтұрсынұлы”.
“Мұндай кісілер өзін қалай ұстаз деп атайды? Бұл дәрежені оларға кім берді? Ұстаз сөзінің әбден қадірі кетті-ау. Екінің бірі "ұстаз" дәрежесін алып, ауызына келгенін айтатын заман болды”.
“Исламда әйелдің үйде де, далада да қастандықпен өлуі обал. Қауіптің көзі әйелдің жүрген жері немесе өзі емес, оған зиян келтірген зұлым адамдар. Ислам ешқашан зорлауды, қысым көрсетуді, әйелге, балаға қол көтеруді ақтамайды. Әйел үйде отырса қауіпсіз деу қызыл өтірік, сыртта жүрсе өзі кінәлі деу нағыз жала. Барлық жауапкершілік әрқашан оны істеген қылмыскерге тиесілі. Әйел қай жерде жүрсе де қауіпсіздік пен қорғаныста болуы керек”.

Скрин: Threads
“Желіде өзіне ұстаз деген атақ беріп алған еркектер мен әйелдер көп. Олардың қай жері ұстаз? Ұстаз деп тек мұғалімдерді айту керек. Олар болмаса жазу мен сызуды екінің бірі білмеуші еді. Ал қазір өзін ұстазбын деп жүргендер, қарапайым қазақ тілін қате жазады”.
“Осы мектепте, Жоғары оқу орындарында мұғалім болып жүрген кісілер, әлеуметтік желідегі парақшаларыңызды “Ұстаз” деп ашсаңыздар жөн болар еді. Негізі нағыз ұстаздар сіздер ғой. Әйтпесе ұлы сөзді кім көрінген иемденіп, қадірін қашырып жатыр”.
Желі қолданушыларын алаңдатқан сауалға қатысты Stan.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан мән-жайды сұрады.
“Өзін “ұстаз” деп таныстыратындардың діни пікіріне мүфтият жауап бермейді”
Мүфтият әуелі қыздарға қатысты жазба арнаған Балым ұстаздың басқармаға мүлде қарамайтынын айтты.
Скрин: Instagram
Басқарма мәліметінше, қазір көбі өз атына “ұстаз” деген дәрежені қосып уағыз айтып жатыр. Ал бізде арнайы білімі бар мамандар көп дейді.
Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни қызметкерлерді лауазымға сай Бас мүфтидің өзі тағайындайтынын жеткізді. Ал мешіт немесе медресе колледждерде ресми қызмет етпейтін, өзін “діни ұстаз” ретінде таныстыратын адамдардың пікіріне мүфтият жауап бермейді дейді.
“Мүфтиятқа қарасты мешіт пен медресе колледждерге және Құран қариларын даярлау орталықтарына ҚМДБ-нын Жарғысының 6-бабына сәйкес, бас имам, найб имам, молда, азаншы, іс басқарушы, есепші, ұстаз, діни оқу орын басшысы деген лауазымға сәйкес тұлғаларды ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти тағайындайды. Соның ішінде мешіт жанындағы діни сауат ашу курсы, Құран қариларын даярлау орталығы мен медресе колледждерде дәріс беретін діни білімді маманға Жарғыға сәйкес “ұстаз” деп бұйрық шығарылады. Мүфтият мешіт немесе медресе колледждерде ресми қызмет етпейтін, бірақ өзін “діни ұстаз” деп таныстыратын азаматтардың әрекеті мен діни пікіріне жауап бермейді”, – делінген жауапта.
Басқарма мәліметінше, медресе, колледждер Оқу ағарту министрлігінің талаптарына сәйкес мемлекеттік лицензия алады. Содан кейін ғана шәкірттерді онда діни білім бар мамандар даярлайды дейді.
“Медресе, колледждер Оқу ағарту министрлігінің талаптарына сай мемлекеттік лицензия алады. Сосын 11-сыныптан кейін 2 жыл 9 ай, 9-сыныптан кейін 3 жыл 9 айлық оқу мерзімі ішінде арнаулы діни білімі бар мамандар даярлайды. Ал мешіт жанындағы діни сауат ашу курсының ерлер тобына ер, қыздар тобына әйел ұстаз дәріс береді. Сондықтан мүфтиятқа қарасты мешіт жанындағы діни сауат ашу курсында ресми бұйрықпен қызмет ететін дін кызметкері лауазымына сәйкес ”ұстаз” деп аталады. Діни сауат ашу курс ұстазының міндеті курсқа келуші тындаушыларға бекітілген бағдарламаға сәйкес діни пәндерден дәріс береді. Ресми бұйрығы бар “ұстаз” мүфтият талаптарын орындауға міндетті және Діни басқарма тарапынан бақыланады”, – делінген жауапта.
Сондай-ақ мүфтият желіде діни мазмұнда уағыз айтатын азаматтарға жауап бермейтінін, десе де ескерту жасалатынын мәлімдеді.
“Әлеуметтік желіде діни мазмұнда пікір айтып немесе уағыз айтып жүрген, бірақ ресми діни білімі мен мәртебесі күмән тудыратын тұлғалар мүфтияттың ресми дін қызметкері болмаса, ондай азаматтарға мүфтият жауап бермейді. Дегенмен ондай азаматтармен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп, қажет кезде ескерту жасайтынын жеткіземін”, – делінген басқарма жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін Исламтану ғылымдарының PhD-докторы, діни уағызшы Нұржан Смағұловтың атеистерді жануарлармен салыстыруы қоғамда үлкен дау туғызған еді. Ол “Mihrabkz” YouTube арнасына берген сұхбатында Ахмет Байтұрсынұлының “Маймыл” өлеңіне (Иван Крыловтың “Обезьяна” мысалының аудармасы) пікір білдірген. Десе де оның талдауы мен қорытындысы қолданушылардың наразылығын туғызған.
Бұдан бөлек, діни уағызшы Нұржан Смағұлов “Педофилдің болуы – Алланың бар екеніне дәлел” деген сөзі үшін сынға ұшыраған еді. Желіде жария болған жазбада ер адамның Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университетінде ұстаздық ететіні жазылған.
"Қыздар клубқа барып өлсе обалы жоқ”: Желіде өзін діни ұстаз ретінде таныстырған азаматтың пікірі дау тудырды