Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыз-келіншіктер жиі шалдығады": Жүйелі қызыл жегі қандай ауру?

Жүйелі қызыл жегіні “үнсіз ғана өлтіретін ауру” деп атайды. Себебі бұл – көп жылдар бойы тыныш жатып, адам ағзасына зиянын тигізетін сырқат. Әсіресе, оның зардабын қыз-келіншектер көреді екен. Бұл ауруға шадыққандардың қатарында Селена Гомес, Леди Гага, тіпті Майкл Джексон да бар. Жүйелі қызыл жегі қандай ауру және оның салдары қандай? Қазақстандағы ревматологтар онымен қалай күресіп жатыр? Алматыда аутоиммунды ауруларға қатысты өткен 5-халықаралық ғылыми конференцияда С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің ревматология кафедрасының профессоры, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс ревматологы Ғалымжан Тоғызбаев Stan.kz тілшісіне жүйелі қызыл жегінің қандай ауру екенін, салдарын және оны ерте анықтау маңызын айтып берді. 

Ғалымжан Тоғызбаев. Фото: Stan.kz

— Ғалымжан мырза, жүйелі қызыл жегі қандай ауру және ол несімен қауіпті?

— Жүйелі қызыл жегі – аутоиммунды ауру. Бұл аурудың нақты себебі әлі күнге дейін анықталмаған. Дегенмен дәрігерлердің бүгінге дейін зерттеуі бойынша, жүйелі қызыл жегі адам ағзасындағы дәнекер тіні зақымданғанда, иммун жүйесі бұзылғанда, иммунитеті әлсірегенде, күйзеліске ұшырағанда пайда болады. Оған қоса тұқым да қуалайды. Бұл аурудың салдары көп. Жүйелі қызыл жегі адамның бүкіл ағзасына зиянын тигізуі мүмкін. Мәселен, оған шалдыққан адамның жүрегі, бүйрегі, тыныс жүйесі, бауыры зақымдалуы ықтимал. Тіпті, адам мүгедек болып қалуы ғажап емес. Мәселен, қазір елімізде осы ауру салдарынан мүгедектігі бар адам болғандардың 50%-ы – І және ІІ топқа, 50%-ы ІІІ топқа жатады. Сондықтан қызыл жегі Денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне енгізілген.

— Жүйелі қызыл жегінің белгілері қандай?

— Жүйелі қызыл жегімен ауыратын адамның дене қызуы көтеріледі, шашы түсе бастайды. Адам денесінде, бетінде көбелек тәрізді қызыл дақтар пайда болады. Аузына, тіліне жаралар шығады, жүрегі айниды, буындары сырқырайды. Адам осындай белгілерді өзінен байқаса, дереу ревматолог дәрігерге барып, тексерілуі керек. Жүйелі қызыл жегін қаншалық ерте анықтаса, соншалық оны өршітпей, ремиссияда ұстап тұруға болады. 

— Бұл аурумен көбіне кімдер ауырады?

— Жүйелі қызыл жегімен кез келген адам ауырып қалуы мүмкін. Дегенмен бұл ауру көбіне қыз-келіншектерде жиі кездеседі. Мәселен, Қазақстанда осы ауруға шалдыққан науқастың 90%-ы – 15-45 жас аралығындағы қыздар мен әйелдер. Көбіне жүктіліктен кейін әйелдер осы аурудың симптомдарына шағымданып келеді. Сол себепті әйелдер қауымының жүйелі қызыл жегі ауруы туралы хабары болғаны дұрыс. 

Ғалымжан Тоғызбаев. Фото: Stan.kz

— Жүйелі қызыл жегі ауруы Қазақстанда қаншалық өзекті мәселе? 

— Қазақстанда жүйелі қызыл жегі – өзекті, аса назар аударылуы керек және халық білуі керек созылмалы, аутоиммунды аурудың бірі. Оған бірнеше себеп бар. Біріншеден, жүйелі қызыл жегі Азия және Африка елдерінің азаматтарында жиі кездеседі әрі қабынып, өршіп тұрады екен. 2013-2014 жылы Қазақстандағы, Ресейдегі және Украинадағы науқастардың деректерін зерттеп шықтық. Нәтижесінде екі елге қарағанда Қазақстанда жүйелі қызыл жегімен ауыратын науқастардың жағдайы күрделірек екені анықталды.

Сонымен қатар жыл сайын 1000-нан астам адамға жүйелі қызыл жегі диагнозы қойылып жатыр. Өкінішке қарай, одан жыл сайын шамамен 40 адам қайтыс болады. 

— Жүйелі қызыл жегі диагнозы қойылған адам денсаулығын қалай күтуі керек?

— Әрине, ең әуелі дәрігерге барып тексеріліп, ем-дом қабылдауы керек. Оған қоса күн сәулесінің астында көп жүрмеуі керек. Бұл ауруға шалдыққан қыздар мен әйелдер косметология процедураларына жүгінбегені жөн. Гепатит, пневмония, герпес сияқты инфекциялардан сақтану керек, оған қарсы екпелерді уақытылы алған дұрыс. Себебі мұның бәрі ауруды қоздырып жіберуі мүмкін.

— Қазақстан ревматологтары жүйелі қызыл жегімен қалай күресіп жатыр?

— Бұрын елімізде мамандар аз, диагностика жасау қиын еді. 10 жылда жағдай өзгерді. Қазір мамандар көбейді, бұрын 78 ревматолог болса, қазір 200-ден астам ревматологымыз бар. Оған қоса Денсаулық сақтау министрінің протоколын жаңартып, дүниежүзі стандартына сай келетін жаңа дәрілер мен диагностикаларды енгізіп жатырмыз. Ем-дом кезінде жаңа технологияны қолданып жатырмыз. 

Оған қоса үкіметтің денсаулық сақтау бағдарламасы бойынша қаулысы бар. Соның аясында С.Ж.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында республикалық ревматология орталығын ашу жоспарда бар. Бұйырса, биыл жыл соңына дейін ашпақпыз. Бұл жерде ревматологияға қатысты әлі де белгісіз диагноздар анықталады, аурулар талданады. Оған қоса науқастар ондағы мамандарға барып, тексеріле алады және қажет жағдайда сол жерде жатып ем ала алады. 

Сонымен қатар еліміздің әр облысындағы ауруханалар мен емханалардың ішінде ревматология орталықтары ашылып жатыр. Бүгінде алты облыста ашылып үлгерді. Облыс тұрғындары сол жаққа қаралып, емделе алады. Облыстағы орталықтар Алматыдағы республикалық ревматология орталығымен тығыз байланысып, бірге жұмыс істейді. 

Айта кетейік, Қазақстанда жүйелі қызыл жегіне байланысты 4000-нан астам жағдай тіркелген.

 

Материал кең оқырмандар аудиториясына арналған. Материал AstraZeneca компаниясымен серіктестікте дайындалған. Бұл материалда берілген ақпарат медициналық кеңес болып саналмайды немесе оны алмастырмайды. Дәрігермен кеңесу қажет.
Бекіту нөмірі – KZ-4647
Бекітілген күні: 28.11.2024 ж.
Мерзімі аяқталатын күн: 27.11.2026 ж.

Талқылау