"Ақшамды ала алмай жүрмін": Қытайлық отбасыға суррогат ана болған қазақстандық келіншек оқиғасын бөлісті
Қытайлық ерлі-зайыптылар үшін бала туып беру үшін Грузияға барған қазақстандық суррогат ана ақшасын ала алмай жүргенін айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: time.kz
Алматы облысының тұрғыны Анастасия Покольнишко Tiktok желісінде суррогат ана болып, ақша табу туралы жарнама көрген.
“Өткен жылдың басында TikTok-та әйелдерге суррогат ана болуды ұсынатын жазбаға көзім түсті. Көп адамдар суррогат аналықтың не екенін түсінбейді. Мен де сол кезде түсінбеген едім. Әйел басқа адамдар үшін бала туып бергенде, өзінің биологиялық баласын береді деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес екен. Клиникада суррогат анаға сол баланы дүниеге әкелетін отбасының эмбрионы салынады. Сен басқа адамдардың ата-ана болуына көмектесесің және олардың баласын көтеріп жүресің”, – дейді Анастасия.
Әйел суррогат ана болу туралы шешімді күйеуімен ақылдаса отырып қабылдағанын атап өтті.
Суррогат аналық көптеген елдерде бар – бұл заңды, бірақ әр жерде өз талаптары бар. Қазақстанда суррогат ана болуыға 35 жасқа дейін ғана рұқсат етіледі. Мен бұл талапқа сай келмедім. Қазір 40 жастамын. Ол жарнаманы көрген кезде 39 жаста едім. Мен алдымен күйеуіммен ақылдастым. Біз бірге ойланып, осы шешімді қабылдадық, содан кейін ғана ата-анамызға бәрін айттық. Сондықтан да мен бұл туралы ашық айтып отырмын”, – дейді әйел.
Анастасия бұл қадамға отбасын қаржылық қиындықтар мен несиелерден құтылу үшін барғанын айтады.
“Мен мұны отбасым үшін жасадым. Сол уақытта бізде қарыздар жиналып қалған еді. Біз олардан шығуға тырыстық. Күйеуім үзіліссіз жұмыс істеді, мен клинингтік компания аштым, бірақ жұмыс жүрмеді. Төрт баламыз бар: үлкен қызым 19 жаста, кіші балаларым алты және үш жаста. Ортаңғы ұлымызға 16 жаста, ол ерекше баланың бірі, ДЦП диагнозымен дүниеге келді және біз оны аяққа тұрғызу үшін күресіп келеміз”, – дейді әйел.
Осылайша әйел алдына шыққан жарманаға хабарласып, суррогат ана атану үшін Грузияға аттанған.
-
Қазақстандық әйелдер Грузияға барып, шетелдіктер үшін бала туып береді: Суррогат аналар өз таңдауы туралы айтты
“Мен жарнаманың авторына жеке хабарлама жаздым. Маған Өзбекстаннан Нағима есімді қыз жауап берді. Ол агенттіктің иесі екенін, бұл агенттік әйелдерді Грузияға жіберіп, суррогат ана болуға көмектесетінін айтты. Суррогат аналық бағдарламалары бойынша қызмет көрсететін компания Тбилисиде орналасқан екен. Мен сол жаққа баруға келістім. Нағима маған сараптамалартізімін жіберді: ВИЧ, гепатиттер, сифилис, т.б. Оларды Қазақстанда тапсырдым. Денсаулығым жақсы екені белгілі болғанда, маған ұшақ билеттері жіберілді. Барлығы өте жылдам өрбіді: ақпан айының басында мен жазбаны көрдім, ал 2 наурызда Грузияға ұшып кеттім”, – дейді суррогат ана.
Анастасия суррогат аналық қызметі үшін 15 мың доллар алатын болып келіскен.
“9 наурызда маған эмбрионды отырғызды. Оған дейін мен келісімшартқа қол қойдым. Барлығы өте тез жүрді. Маған алдымен келісімшартты онлайн жіберді, содан кейін бірден нотариусқа апарды. Мен толықтай шарттарды түсініп, талқылап үлгермедім. Келісімшарттан мен Қытай азаматтары үшін бала туатынымды білдім. Ақшаны тек олар балаға туу туралы куәлік пен шетелдік паспорт рәсімдегеннен кейін аламын. Компания маған бұл процеске бар-жоғы 10 күн кететінін айтты. Әрине, мен бірден баладан нотариус арқылы бас тартуым қажет болды. Баланың ата-анасын мүлде көрмедім. Тек компанияның өкілдерімен ғана сөйлестім. Маған алдын ала төлем ретінде 400 доллар төленді. Келісімшарттың шарттарына сәйкес, жүктіліктің 20-аптасында киім сатып алу үшін қосымша 300 доллар алдым. Туғаннан кейін маған 15 000 доллар төленеді деп уәде етілді”, – дейді әйел.
Анастасия дәл өзі сияқты суррогат ана атану үшін Грузияға барған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерден жүздеген әйелдің бар екенін айтады.
“Көпшілігі жақындарынан Тбилисиге не үшін ұшып бара жатқанын жасырады. Барлық тоғыз ай жүктілік уақытында әйелдер Тбилисиде тұрып, гонорарларын алған соң ғана үйлеріне қайтады”, – дейді әйел.
Анастасия құрсағындағы баланы өткен жылдың қараша айында босанса да, ақшасын ала алмай жүргенін айтады.
”2024 жылдың 13 қарашасында мен дені сау ұл босандым. Алғашында компаниядағылар мен бала туып берген ата-ана құжаттарын рәсімдеп жатқанын айтты, процесс ұзаққа созылды деп түсіндірді. Бірақ мәселе шешілгенде де мен ақшамды ала алмадым. Тбилисиде күтуімді жалғастырдым. 7 желтоқсанда анам қайтыс болды. Мен жерлеуге ұшып бардым. Грузияға қайта оралуға ақшам болмады. Сол кезден бері, міне, екі айға жуық уақыт өтті, компанияның өкілдерімен хабарласып тұрамын, олар күн сайын: "Қазір, ертең", - деп уәде береді”, – дейді әйел.
Әйел жағдайды баяндап желідегі парақшасында видео жариялағаннан кейін компания өкілдері ақшаның бір бөлігін аударып жіберген.
“29 қаңтарда менің шотыма 5000 доллар түсті. Мен бірнеше кішігірім аванс алған болатынмын, оларды есептегенде мен тағы 8600 доллар алуым керек. Менің жағдайымда тек мен ғана емес, Тбилисиде қазір тұрған басқа әйелдер де бар. Олар өздерінің қарыздарын төлеуді талап етуде.
Суррогат ана болуды ойлап жүрген әйелдерге мен айтарым, келісімшартқа қол қоятын компанияларды терең зерттегеніңіз. Олардың арасында болған адамдарды тауып, оларға жазып, пікірлерді оқып, тек содан кейін ғана қадам жасаңыз. Барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін жақсылап өлшеп алған жөн. Кейде "мәселелерімді басқа жолдармен шешкенде жақсы болар ма еді?" деп те ойлаймын”, – дейді әйел.