Қытайлық компания Қазақстанға құны 200 миллион доллардан асатын цемент зауытын салмақ
Қытайлық компания Ақтөбе облысына құны 200 миллион доллардан асатын цемент зауытын салмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Freepik.com
Қытайлық "Sinoma Cement Co. Ltd " компаниясының президенті Якун Ронг "Kazakh Invest" басшысы Ержан Елекеевпен Ақтөбе облысында цемент зауытын салу жоспарын талқылады.
"Қытайлық компания “Рrimus Capital” ЖШС-мен бірлесіп 2027 жылы 360 жұмыс орнын құра отырып, қуаты жылына 1,3 миллион тонна болатын цемент зауытын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Жобаның құны 200 миллион доллардан асады", – делінген хабарламада.
Қазір Қазақстан тарапымен инвестициялар туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр. Ақтөбе облысының Байғанин ауданында бор, саз және мергель кен орындарын игеруге лицензия рәсімделген. Геологиялық барлау жұмыстары да жүргізіліп, шикізат қоры мен сапасы расталған.
Sinoma Cement өкілдері зауыт компанияның Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы жобасы болатынын атап өтті. Якун Ронг жоба озық технологиялар мен сапа стандарттарын қолдана отырып жүзеге асырылатынын жеткізді. Тараптар зауыттың Ақтөбе облысында орналасуы Қазақстан мен Ресей нарықтарына қолжетімді болуы үшін екенін алға тартты.
Sinoma Cement – шетелде цемент өнеркәсібінің өндірістік активтеріне инвестиция салуға маманданған Қытай мемлекеттік корпорациясының бөлігі. Sinoma Cement Африка мен Таяу Шығыс елдерінде 20-дан астам жобаны сәтті жүзеге асырған.