Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық кәсіпкер пайдаланы қазбаны заңсыз өндіріп, түскен қаржыға бизнес-орталық сатып алған

Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Шығыс Қазақстанда кен орнын заңсыз қазып, өнімді Қытайға сатып келген кәсіпкердің қылмыстық табысы 1 миллиард теңгеден асты. Ол ақшаға Алматыдан бизнес-орталық пен пәтер алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша қаржы мониторингі агенттігінің департаменті заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша тергеуді аяқтады. Шемонаиха ауданында орналасқан "Глинковское" кен орнында ЖШС басшысы қатты пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру және сату ісін ұйымдастырған.

Мәліметтерге сенсек, компанияда лицензия болғанымен, ол тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ғана рұқсат берген. Ал өнеркәсіптік көлемде өндіруге қажетті рұқсат құжаттары болмаған.

Соған қарамастан, іс жүзінде құрамында темір бар тау жынысын қазып алу, өңдеу, үйіп сақтау және сату жұмыстары жүргізілген. Өнім ішкі нарықта да, Қытай Халық Республикасына да сатылған. Арнайы ауыр техниканың қолданылуы қоршаған ортаға кері әсер етіп, жер бедерінің бұзылуына және жердің тозуына алып келген. Заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асқан. Ал қылмыстық жолмен түскен табыс 1 млрд теңгеден жоғары болған.

Осы қаражатқа күдікті:

  • бизнес-орталық,
  • Алматы қаласынан пәтер,
  • LAND ROVER RANGE ROVER автокөлігі,
  • 2 автотұрақ орны,
  • 2 жер телімі сатып алған.

Сот санкциясымен аталған мүліктерге тәркілеу мақсатында арест қойылды.



Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында “Азаматтарға арналған үкіметтің” жоғары лауазымды қызметкері 2 жыл бойы лицензиясыз алтын өндіріп келген деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметінше, өз бақылауындағы компания арқылы өзен аңғарында ауыр техникамен қазып, табиғатқа 300 млн теңгеден аса зиян келтірген. Тінту кезінде 6,7 келі алтын, 10 млн теңге және 56 мың доллар тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 15:41