Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайдан Қазақстанға қашып келген екі азаматқа жаза тағайындалды

21 қаңтар күні Қазақстан шекарасын заңсыз өтті деп айыпталған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына қатысты сот үкімі шықты. Шығыс Қазақстан облысында екі айдан астам тергеу жүргізілген іске қатысты бүгінгі сот отырысына әр облыстан қолдаушылар барған. Бірақ бәрі бірдей сот залына кіре алмай сағат 10-ға белгіленген сот отырысы айғай-шумен кешігіп басталды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

сот

Өткен жылдың қазан айының 2-сі күні Қытай елінен қорлық көріп, Қазақстанға қашып келдік деген қос бірдей азаматқа қатысты сот отырысы ұрыс-төбелеске ұласты. Қолдап келгендердің арасында полицейлерге қарсы шыққандар да көп болды. Өзін қорғаушымын, халықтың атынан келдім деген ер азаматқа жиналған қауым қарсы болып, оны сот залынан шығарып жіберуді талап етті. 

"Сот аяқталайын деп жатса, айдаладағы біреу өзін қоғаушымен деп келіп отыр. Не сұмдық? Туыстары міне отыр. Мына кісінің аты-жөнін жазып, адвокаттар алқасына жолдаңыздар", - деді қорғаушы Ляззат Ахатова. 

Осылайша бір тоқтамға келмей, пікірі екіге жарылған қолдаушыларды Зайсан аудандық сотының төрағасы әрең тыныштандырды. Кішкентай ғана сот бөлмесіне сыймай қалғандардың жартысы далада, жартысы басқа бөлмеден сот барысын тыңдап, көріп отырды. Бір сағатқа таяу уақытқа кешігіп басталған сот та көпке созылмады. Судья куәгерлерді тыңдап, прокурор мен қос азаматтың қорғаушысына сөз берді. Қастер мен Мұрагер де сөз алды. Тергеу барысында белгілі болған жайттар мен дәлелдер тағы да айтылды. Прокурор бір жыл жазаларын өтесін деп сұрады. Бұдан кейін бес сағатқа дейін үзіліс жариялаған судья үкім оқуға бір-ақ келді. 

"Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы 392 баптың 1 бөлімінде көрсетілгендей бір жыл мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деді Зайсан аудандық сотының судьясы Шынар Оспанова. 

Олар бір жылдың 5 ай 24 күнін ғана өтейді. Өйткені 2019 жылдың қазанның 18-нен бері қамауда отырған күндері есепке алынды. Судья қашып келіп, амалсыз кінәларын мойындағандарын, кәмелетке толмаған балалары мен қарт ата-аналарының бар екендігін ескеріп, жазаның жеңілдетілгенін айтты.Бұған дейін  Мұрагер мен Қастерге дейін шекараны заңсыз өттік деген Сайрагүл Сауытбай, Бағашар Мәлікұлы мен Айша Ақан, Тілек Тәбәрікұлы сынды этникалық қазақтардың есімі белігілі болған еді. 

Талқылау