Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда өндірілген қауіпсіздік жастықшалары АҚШ-та сегіз адамның өмірін қиды және әлі де өлім қаупін төндіріп отыр


Фото: Getty Images

АҚШ-та қытайлық өндірістегі ақаулы қауіпсіздік жастықшаларына байланысты қайғылы оқиғалар әлі де жалғасып жатыр. Сарапшылардың мәліметіншее, бұл құрылғылар толық жөндеуден өткен көліктердің өзінде өлімге әкеп соғуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2025 жылғы қыркүйекте АҚШ-тың Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасы (NHTSA) ақаулы эйрбэгтерге қатысты тергеу жұмыстарын бастаған.

Алғашында жеті оқиға тіркеліп, олардың бесеуі жүргізушілер мен жолаушылардың өлімімен аяқталғаны хабарланған еді. Соңғы мәліметтер алаңдатарлық жағдайды көрсетіп отыр: қаза тапқандар саны сегізге жетіп, жалпы оқиғалар саны онға дейін артқан.

Әсіресе, барлық оқиғаның Chevrolet Malibu және Hyundai Sonata көліктерімен байланысты болғаны алаңдатады. Бұл автокөліктер екінші нарықтан сатып алынған немесе жол-көлік оқиғаларынан кейін қалпына келтірілген.

Қауіпсіздік жастықшалары қалай қаруға айналады

Мәселенің түп-төркіні инфляторлардың – жастықшаны үрлейтін арнайы құрылғылардың – құрылымында жатыр.

Ақаулы эйрбэгтер іске қосылған кезде көлік салонына металл сынықтарын шашады. Мұндай әсер апат кезіндегі қорғаныс құралын жүргізуші мен жолаушылар үшін аса қауіпті, тіпті өлімге әкеп соғатын қатерге айналдырады.

Өндіруші күмән тудырып отыр

Ақаулы инфляторларды Detiannuo Automobile Safety System (DTN) атты қытайлық компания жеткізген. Қазіргі мәліметтерге сәйкес, DTN өнімдері АҚШ аумағына заңсыз әкелінген және жол апатына түскен көліктерді жөндейтін шағын шеберханаларда пайдаланылған.

Компанияның өзі ресми парақшасында АҚШ аумағында ешқандай қызмет атқармайтынын және ол елде табылған өнімдерінің заңсыз екенін мәлімдеген.

Автокөлік иелеріне арналған ұсынымдар

Апаттан кейін қалпына келтірілген көлік иелеріне мыналар қатаң түрде ұсынылады:

  • қауіпсіздік жастықшаларын дереу кәсіби тексерістен өткізу;

  • егер DTN инфляторлары анықталса, барлық бөлшектер толық ауыстырылғанға дейін көлікті пайдаланбау.

Реттеуші органдар бұл талаптарды елемеу адам өміріне қауіп төндіретінін ескертеді.

Тергеу федералдық деңгейге шықты

АҚШ-тың тергеу органдары бұл іске NHTSA-ны ғана емес, сонымен қатар ФБР мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігін де тартқан. Бұл жағдайдың маңыздылығын көрсетеді: мәселе тек жеке автокөлік иелерінің қауіпсіздігіне емес, ел аумағына қауіпті өнімдердің заңсыз әкелінуіне де қатысты болып отыр.

Сарапшылар барлық жүргізушілерге қалпына келтірілген көліктердің тарихы мен бөлшектерін мұқият тексеруге кеңес береді, әйтпесе жолдағы "көрінбейтін қауіптің" келесі құрбанына айналу қаупі бар.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 21 Қаңтар, 2026 23:41