Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда қарамағындағы 58 адаммен жақын қарым-қатынаста болып, пара алған шенеунік 13 жылға сотталды

Қытайда шенеунік сыбайлас жемқорлықпен айналысқаны және қарамағындағы 58 қызметкерімен жақын қарым-қатынаста болғаны үшін 13 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: point.md

Сонымен қатар шенеунік Чжун Янға 1 миллион юань (67 миллион 984 мың теңге) айыппұл салынды. 

52 жастағы Қытай шенеунігі Чжун Ян Гуйчжоу провинциясының Цяньнань префектурасының губернаторы және партия хатшысының орынбасары қызметін атқарған. Әйел қарапайым отбасында өсіп, университетте тарих мамандығын тәмамдаған. 22 жасында Чжун Ян Қытай Коммунистік партиясының қатарына өтіп, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (Қытайдың ең жоғары заң шығарушы органы) депутаты дәрежесіне дейін көтерілген. 

Шенеунік сұлулығымен танылып, "әдемі губернатор" деген лақап атқа ие болды. Алайда ол отбасын құрмаған. Чжун Ян ауыл шаруашылығына үлес қосып, қарттарға өз қаржысынан көмектескен. Дегенмен "әдемі губернатор әйелдің" мансабы түрмеге жабылумен аяқталды. 

Сот мәліметінше, Чжун Ян пара алып, өз қызметін асыра пайдаланып, артықшылығы бар компанияларға тиімді келісім-шарттар жасауға кепілдік берген. Мысалы, ол кәсіпкерге өзімен қарым-қатынаста болғаны үшін 170 мың шаршы метр жерді игеруге рұқсат берген. Шенеунік бір серіктеспен шектелмеген. Болжам бойынша, әйелдің 58 ғашығы болған, олардың барлығы  қарамағындағылар. Кей ер адамдар Чжун Янның беделінен қорқып, онымен қарым-қатынас жасауға келіскен. Чжун Ян олардың көпшілігімен түнгі клубтарда кездескен. Әйел үстеме жұмыс, іссапар деген сылтаумен серіктестерімен бірге уақыт өткізген.

"Әдемі губернатордың" ісін тергеу 2023 жылдың сәуірінде басталды. Чжун Ян Бүкілқытайлық халық өкілдеріндегі лауазымынан айырылды. Сондай-ақ Коммунистік партиядан шығарылды. Нәтижесінде шенеунік қол астындағы қызметкерлермен жыныстық қатынасқа түскені және 60 миллион юань (4 миллиардтан аса) көлемінде пара алғаны үшін 13 жылға бас бостандығынан айырылды және 1 миллион юань айыппұл төледі.

Талқылау