Қазақстандық қария 67 жылдан кейін бауырымен қауышты: Олар бір-бірін TikTok арқылы тапқан

Желіде Қытайда отбасынан ажырап қалған ағасын 67 жылдан кейін тапқан қазақстандықтың видеосы тарады. Кадрлардан екі ағайындының қауышқан сәтте көз жасын тыя алмай, құшақтасып жатқаны көрінеді. Stan.kz сонша жылдан кейін бауырын тапқан қазақстандықтың қызы Айкерім Қазыбекқызымен сұхбаттасып, оқиғаның жай-жапсарын білді.
Өрікбаевтар әулеті Семей қаласында тұрады. Айкерімнің айтуынша, әкесінің отбасы шекара бөлінген кезде Қытай аумағында қалып кеткен.
Ал әкесі Қазыбек Өрікбайұлы – отбасының кенжесі. Анасы оны босанып жатып көз жұмған. Екі ағасы, екі әпкесі бар. 1962 жылы Қазыбек дүниеге келгеніне бес күн ғана болғанда отбасы Қазақстанға қайтуға бел буады. Ал ол кезде 17 жастағы Рамазан Шәріп Өрікбайұлы (Қазыбек Өрікбайұлының Қытайда қалған ағасы) оқуға кеткендіктен, Қытайда қалып қойған.
“Әкем негізі ағасын танымаған. Ағасы бар екенін, оның Қытайда қалып кеткенін ғана білген. Отбасынан естіген ақпараттары бойынша ағасын өмір бойы іздеген”, – деді ол.
Бастапқы уақытта 17 жастағы Рамазан әкесімен байланыста болған. Бес жылдан кейін әкесі қайтыс болғанда ол да үзіліпті. Осылайша, бауырлар бір-бірінен хабарсыз қалған. Қытайда жалғыз қалған Рамазанның жүзін көрген екі қарындасы да әкесінің ізін суытпай өмірден өтіпті. Ал өзінен кейінгі інісінің көзі көрмейді екен.
Фото: Жеке архив
Айкерімнің сөзінше, бүгінде Рамазан Шәріп көрші елде орныққан, өз отбасы, баспанасы бар. Ал жастық шағы есінде жоқ.
“Ата-анасы Қазақстанға көшіп кеткеннен кейін көкеміздің қалай, қайда тұрғаны тіпті өзінің есінде жоқ. Қартайғаннан болар ұмытып қалған. Сонда үйленген, отбасы бар”, – деді ол.
Қазыбек Өрікбайұлы жастайынан ағасын іздеген көрінеді. Қызының сөзінше, әкесі үнемі “менің ағам бар” деп айтып жүрген. Оны табу мақсатында тіпті отандық бағдарламаның көмегіне жүгініпті.
“Әкем үнемі ағасы барын айтып жүретін. Нақты 30 жыл бойы үздіксіз іздеген, кейінірек сұрастыруға көшкен. “Жди меня” бағдарламасына қаншама хат жазды, “Бармысың, бауырым” бағдарламасына қатысты. Өкінішке қарай, табылмаған”, – дейді ол.
67 жыл бұрын жоғалған Рамазан Шәріп қалай табылды?
Былтыр қазанда үлкен көкеміздің ұлына видео келген. Видеода қария өзін таныстырып, туғандарын іздейтінін айтқан. Оған қоса, байланысу үшін жеке нөмір қалдырған.
“Сөйтсек ол кісілер видео түсіріп, Қытайдың TikTok желісіне жариялаған. Оны біреу түсіріп алып, қазақстандық желіге салған. Тарап-тарап ақыры ағама түскен. Ол бірден маған жіберді, видеоны тыңдап бірден түсіндім. Өйткені “Өрікбай” деп айтып отырды”, – деді Айкерім.
Айкерім көкесін танығаннан кейін оны әкесіне көрсеткен. Айтуынша, әкесі өз-өзіне келе алмай ұзақ жүріпті.
“Кейін әкеме көрсеттік, ол кісі қуаныштан қатты жылады, өз-өзіне келе алмай біршама жүрді. Телефонмен де сөйлеспеді. Үйге кіреді, шығады, өзін қоярға жер таппады”, – дейді ол.
Алайда Айкерім көрсетілген нөмірге хабарласып, ала алмағанын айтты. Барлық мүмкіндікті қарастырып, Wechat арқылы ғана байланыса алған көрінеді.
“Әкем бірден Қытайға барғысы келді, бірақ өзге елге виза алып қойғандықтан, бара алмады. Сонымен бауырымен екі айдан кейін ғана қауышты”, – деді ол.
Осылайша 23 қаңтарда екі бауыр кездесіпті.
“Қытайда бір аптадай болдық, әкем мен көкем күндіз-түні қол ұстасып жүрді, әбден әңгімелерін айтты. Көкеміз де өмір бойы отбасын іздеген екен, бірақ ол да бізді таба алмаған”, – деді ол.
Бүгінде Рамазан Шәріп Қытайдың Бэйтунь қаласында тұрады екен, әйелі, төрт баласы бар екен (бір баласы қайтыс болған).
Енді жоспар бойынша, олар жазда Қытайға келуі керек.
Айкерім Қазыбекқызы оқиғаға көп адам қызығушылық танытып жатқанын, болашақта кітап жазғысы келетінін айтты.
Қазақстандық қария 67 жылдан кейін бауырымен қауышты: Олар бір-бірін TikTok арқылы тапқан