Қытай TikTok қолданбасының АҚШ-тағы активтерін Илон Маскке сатпақ – БАҚ
Қытай шенеуніктері егер Америка Құрама Штаттарында TikTok қолданбасына тыйым салынса, оны Илон Маскке сату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: azertag
Қазір Американың Жоғарғы соты қытайлық ByteDance компаниясының АҚШ-тағы TikTok қызметін 19 қаңтарға дейін тоқтатуын талап ететін заңды қолдау, я қолдамауды шешіп жатыр. Аталған мерзімнен кейін үшінші тарап интернет-провайдерлеріне АҚШ-тағы TikTok операцияларын қолдағаны үшін айыппұл салынады.
Бейжің шенеуніктері TikTok-тың ByteDance иелігінде болғанын қалайды. Дегенмен судьялар 10 қаңтардағы өткен сот процесінде заңды қолдайтындарын жеткізді.
Қытайдың жоғары лауазымды шенеуніктері бұл іске Масктың қатысы болса, сайланған президент Дональд Трамп әкімшілігімен қалай жұмыс істеу керегін жоспарлап жатыр. Бейжіңде шенеуніктер АҚШ-та TikTok қолданбасына тыйым салынса, оны бизнесменге сату нұсқасын қарастырып отыр.
TikTok-тың АҚШ-тағы аудиториясы 170 миллион адамнан тұрады. Ал америкалық бөлімшенің құны 40-50 миллиард долларға (18-23 триллион теңге) жетеді.
Трамп президент қызметіне 20 қаңтарда, яғни қолданбаға ықтимал тыйым салынғаннан кейін кіріседі. Ол Жоғарғы Соттан "осы сот процесіндегі мәселелерді саяси жолмен шешуге" мүмкіндік беру үшін тыйым салуды тоқтатуды сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та өкілдер палатасы TikTok-қа тыйым салу туралы заң жобасын мақұлдағаны туралы жазған едік.