Онлайн алаяқтық үшін өлім жазасы: Қытайда Мьянманың 11 азаматына ең ауыр үкім шықты

Фото: Отбасы мүшелерінің кейбірі қазан айында Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясының Вэньчжоу қаласындағы Аралық халық сотында үкім шығарылу сәтінде көрсетілген). ©The People's Courts News and Communication Agency, China
Қытай Мьянманың мафиясына қатысы бар, жалған онлайн романдар арқылы адамдарды алдап келген және басқа да қылмыстар жасаған 11 отбасылық алаяқты өлім жазасына кесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Мail порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Шығыс Қытайдағы Вэньчжоу қаласының соты Мин әулетіне жататын қылмыстық топтан тұратын отбасыны былтыр қыркүйек айында өлім жазасына кесіліп, биыл 29 қаңтарда сол сот үкімді орындады. Айыпталушылар "қасақана кісі өлтіру, қасақана дене жарақатын салу, заңсыз қамау, алаяқтық және казино ұйымдастыру" сияқты қылмыстар үшін жазаланды.
Пекиндегі Қытайдың Жоғарғы халық соты өлім жазасы туралы үкімдерді мақұлдап, 2015 жылдан бері жасалған қылмыстарға қатысты дәлелдердің "сенімді әрі жеткілікті" екенін мойындады. Жергілікті БАҚ мәліметінше, "Мин әулетінің қылмыстық тобы" Қытайдың 14 азаматының өліміне және "тағы көптеген адамдардың" жарақат алуына себеп болған.
"Қылмыскерлердің жақын туыстарына өлім жазасын орындау алдында олармен кездесуге рұқсат берілді", – деп қосты Синьхуа.
Олардың қылмыстық империясы 2023 жылы күйреді. Сол кезде Мьянма армиясымен қақтығыстар күшейген тұста Лауккайнг қаласында билікке келген этникалық жасақтар оларды ұстап, Қытай билігіне тапсырған.
Қытай заңнамасына сәйкес, өлім жазасына кесілген қылмыскерлер ату арқылы немесе өлімге әкелетін инъекция арқылы жазаланады. Бұл жазаны орындау Ұлыбританияның премьер-министрі сэр Кир Стармердің Пекинде Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі кезінде жүзеге асты. Кездесуде британ премьері Қытайдағы адам құқықтары мәселесін көтергенін мәлімдеді.
Қытай Мьянманың қылмыстық топтарымен байланысы бар 11 адамды, соның ішінде телекоммуникациялық алаяқтық операцияларына қатысқан негізгі тұлғаларды өлім жазасына кесті. Мьянманың шекараға жақын аймақтарында орналасқан алаяқтық орталықтар телефон және интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың арқасында әлемнің түкпір-түкпірінен миллиардтаған долларды алдап алған.
Мұндай орталықтарда алаяқтар адамдарды жалған махаббатқа сендіріп, кейін оларды криптовалютаға "инвестиция салуға" үгіттейді. Мұндай алаяқтық жүйе Оңтүстік-Шығыс Азияның көптеген елдерінде, соның ішінде Мьянманың заң бақылауы әлсіз шекара аймақтарында кең тараған.
Алғашында қылмыстық топтар тек қытай тілінде сөйлейтін адамдарды нысанаға алған. Қазір олар бірнеше тілде жұмыс істеп, әлемнің әр еліндегі адамдарды алдай бастады. Алаяқтықты ұйымдастырушылардың кейбірі өз еркімен қылмысқа қатысса, енді біреулері шетел азаматтарын күштеп жұмыс істеткен жағдайлар да болған.
Кейінгі жылдары Пекин билігі орталықтарға қарсы күресті күшейтіп, аймақ елдерімен бірлесіп әрекет етуде. Мыңдаған адам Қытайға қайтарылып, жабық әрі түсініксіз сот жүйесінде жауапқа тартылған.
Фото: ©The People's Courts News and Communication Agency, China
Сарапшылардың айтуынша, бұл алаяқтық орталықтардың көпшілігін қытай қылмыстық топтары басқарады. Ал олар Мьянманың жергілікті қарулы жасақтарымен байланыста жұмыс істейді. Осы жағдай Қытайда үлкен назарға алынған. Қыркүйекте қабылданған сот шешіміне сәйкес, 29 қаңтарда өлім жазасына кесілді. Сонымен қатар тағы бес адамға өлім жазасы екі жылға кейінге шегеріліп тағайындалды. Ал 23 адам 5 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылды.
Қараша айында Қытай билігі Мьянманың Коканг аймағындағы алаяқтыққа қатысы бар тағы бес адамды өлім жазасына кесті. Мемлекеттік БАҚ дерегінше, олардың әрекеті Қытайдың алты азаматының қаза болуына себеп болған. Ал сәуір айында БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы кибералаяқтық индустриясы бүкіл әлемге таралып бара жатқанын ескертті. Мұндай құбылыс Оңтүстік Америкада, Африкада, Таяу Шығыста, Еуропада және Тынық мұхитындағы кейбір аралдарда да кездеседі. БҰҰ бағалауынша, әлем бойынша жүздеген мың адам осындай алаяқтық орталықтарда жұмыс істеуге мәжбүр.
Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанда өлім жазасын енгізу туралы ұсыныс қабылданбағанын жазған едік. Сот Қырғызстанның халықаралық келісімдер, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасы аясында өлім жазасын қолданбауға міндеттелгенін еске салды. Өлім жазасын қайта енгізу бұл міндеттемелерді және адам құқықтарын қорғаудың жүйелі сипатын бұзар еді. Енді заң жобасы референдумға шығарылмайды, әрі оны қабылдауға қатысты барлық рәсімдер тоқтатылады.
"Мобилографты комиссия мүшесі ететіндей Ата заң ойыншық емес қой": Конституциялық реформа комиссиясының мүшесі болған Балтабаев тағы да көпке жақпай қалды