Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай Қазақстандағы зауытқа 1 млрд доллар инвестиция салмақ

Қытайдың CITIC Construction мемлекеттік компаниясы Алматы облысындағы астықты терең өңдеу зауытының құрылысына 1 млрд доллардан астам инвестиция салмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: depositphotos.com

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, аталмыш кәсіпорында тәттілендіргіштер мен натрий глюконатын шығару жоспарланған.

Жоба Алматы облысындағы "Қазбек бек" индустриалды аймағында жүзеге асырылмақ. Министрлік зауытта мальтоза шәрбаты, фруктоза шәрбаты, кристалды фруктоза, аллюлоза, кристалды декстроза, натрий глюконаты, глютенді қосалқы өнімдер мен жем сияқты өнімдер шығарылатынын атап өтті. 


Қазақстандағы университеттерде қытай тілі екінші шет тілі ретінде оқытылады - Ғылым министрі


Зауыттың өңдеу көлемі жылына шамамен 300 мың тонна астықты құрап, өнімнің жалпы құны 2 миллиард долларға жуық болады деп болжанған. Сондай-ақ жоба аясында 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ.

“Жобаның инвесторы – қытайлық CITIC Construction компаниясы. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 1,07 миллиард АҚШ доллары, ал өнімнің жалпы құны 1,87 миллиард АҚШ долларын құрайды”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Айта кетейік, 2024 жылдың шілде айында ауыл шаруашылығы министрлігі қытайлық CITIC Construction және Beijing Capital Agro компанияларымен Қазақстанның етті мал шаруашылығына 600 млн доллар инвестиция салуға келіскен еді.

Еске салсақ, бұған дейін қытайлық компанияның Шымкентте электромобиль өндірісін ашуды жоспарлап отырғаны туралы жазған едік. 

Талқылау