Қырым көпіріндегі жарылыстан кейін Ресей Украинаның астанасын зымыран соққысының астына алды
Бүгін, 10 қазанда, Украина астанасы Киев қаласында бірнеше жарылыс болды, жарылыс қаланың әр өңірінде жалғасып жатыр. Зымыран соққысының Киевтен бөлек Львовта, Тернопольде, Житомир облысында, Днепрде, Ровно облысында және Харьковте болып жатқаны айтылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
DW басылымы ресми дереккөздерге сүйеніп жазған ақпаратына сүйенсек, "10 қазанда таңертең Киевте кемі екі жарылыс болды, қаза тапқандар бар. Львов пен Тернопольде кейбір аудандарда электр қуатының жоғалғаны атап өтіледі.
Украиналық БАҚ Киевте 5-ке жуық жарылыс болғанын жазады. Алайда куәгерлердің айтуынша, жарылыстар жалғасып жатыр.
Киевте қызыл метро желісінде пойыздар қозғалысы тоқтатылды, барлық метро станциялары бомбадан қорғаныс аймағы ретінде жұмыс істейді.
DW таратқан мәліметке қарағанда, Украина ішкі істер министрі кеңесшісі Ростислав Смирнов Киевтің Шевченковск ауданындағы жарылыстан 8 адам қаза тауып, 24 бейбіт адам жараланғанын хабарлаған.
- "Украинаның барлау агенттіктері кінәлі екені сөзсіз": Путин Қырымдағы жарылысты "террорлық шабуыл" деп атап, Украинаны айыптады
- Путин ядролық соққы жасауға дайын: Сарапшылар оны тоқтату жолдарын айтты
- Лукашенко Беларусьтің Украинадағы "арнайы операцияға" қатысып жатқанын растады
Болып жатқан жағдайға байланысты Украина президенті Владимир Зеленский халқына үндеу жасады.
"Украинаның барлық аумағында әуе шабуылы азаймай тұр. Зымыран соққылары бар. Өкінішке орай, жараланғандар мен қаза тапқандар бар. Үлкен өтініш, қауіпсіз жерден шықпаңыздар. Өздеріңіз бен туыстарыңызды қорғаңыздар", – деді ол.
Өткен сенбі, 8 қазанда Ресей Украинадан 2014 жылы аннексиялап алған Қырым түбегін Ресеймен жалғайтын көпір жарылып, бірнеше бетон жолы қираған.
Бұған дейін Ресей билігі "Қырым көпіріне шабуыл жасалса, жауап ауыр болатынын" бірнеше рет ескерткен.