Қырғызстанның экс-президентінің ұлы мен жақтастары ұсталды
Фото: facebook.com/kadyratambaev
Қырғызстанда бірнеше жергілікті саяси қайраткер және Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадырбек Атамбаев ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қадырбек Атамбаев, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) Мемлекеттік күзет қызметінің бұрынғы бастығы Дамир Мусакеев, социал-демократтар саяси партиясының жетекшісі Темирлан Сұлтанбеков, Қырғызстанның бұрынғы депутаттары Шайлобек Атазов пен Кубанычбек Кадыров ұсталды", – делінген жексенбі, 23 қарашада Қырғызстан ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
ІІМ мәліметінше, бұл бес адам "республика парламенті сайлауының қорытындысы шыққаннан кейін жаппай наразылық көрінісін жасау мақсатында бірқатар митинг ұйымдастыруды жоспарлаған". Ведомствоның нұсқасы бойынша, олар "антиконституциялық талаптар" қоюды және "әкімшілік ғимараттарды, телеарналарды, күштік құрылымдардың нысандарын, қару-жарақ пен пенитенциарлық жүйе мекемелерін басып алуға әрекет жасауды" көздеген. Осы әрекеттерді күшпен қолдауды "қылмыстық элементтер" қамтамасыз етуге тиіс болған.
"Тінту барысында қару-жарақ, оқ-дәрі, гранаталар, байланыс құралдары, қаржыландыруға байланысты құжаттар, іс-қимыл жоспарлары, есірткі заттары және 150 мың доллар көлемінде ақша тәркіленді", – деп хабарлады Бішкектегі ведомствоның баспасөз қызметі. Ұсталғандарға Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға дайындалу" бабы бойынша айып тағылды.
Қырғызстан парламентінің мерзімінен бұрын сайлауы 30 қарашада өтеді. Бастапқыда сайлау 2026 жылдың қарашасына жоспарланған еді, алайда 25 қыркүйекте депутаттар өз өкілеттіктерін ерікті түрде тоқтатқан.
Ұсталғаннан бірнеше сағат өткен соң Бішкектің Первомай аудандық соты тергеу өтінішін қанағаттандырып, Темирлан Сұлтанбековті 17 қаңтарға дейін қамауға алу туралы шешім шығарды. Онымен бірге бұған дейін ұсталған Эрмек Эрматов пен Урмат Аскарбеков те уақытша ұстау изоляторына жіберіледі деп хабарлайды 24.KG басылымы.
Сол сотқа Қадырбек Атамбаев, Дамир Мусакеев, Шайлообек Атазов және Кубанычбек Кадыров та жеткізілген. Тергеу олардың да қамауға алынуын сұрады деп жазды жергілікті БАҚ.
22 қараша күні Қырғызстанның Ішкі істер министрілігіне бұрынғы президент Атамбаевтың жұбайы мен ұлы тергеуге шақырылған. Сол күні құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздіктер ісі бойынша тінту жүргізген. Жергілікті БАҚ мәліметінше, Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес мемлекеттік қызметінің бұрынғы басшысы Сыймык Жапыкеев те ұсталған.
Бұрынғы депутаттар Кубанычбек Кадыров пен Шайлообек Атазовтың үйлерінде де тінту жүргізілген. Бұрынғы президенттің қызы Алия Шагиева бұл болып жатқан жағдайды "саяси қудалау, адам құқықтарының бұзылуы, сөз бостандығының шектелуі" деп сипаттады.
Қыркүйектің ортасында Бішкек соты "Клооп" тәуелсіз ақпараттық порталының екі бұрынғы қызметкерін жаппай тәртіпсіздіктерге үндеу бабы бойынша кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар екі бухгалтерге 3 жыл пробация берілді (яғни түрме жазасының орнына бақылау тағайындалды).
Айыптау нұсқасы бойынша, олар журналист-тергеуші Болот Темировпен бірігіп дайындалған материалдарды таратуға қатысқан. Бұл материалдарда "мемлекет басшылығына қатысты жалған мәліметтер мен негізсіз сын" болғаны айтылған. Айыпталушылар билік қысымымен түсініктеме беріп, айыпты мойындағандарын мәлімдеген.