Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың отбасы үйлерінен шығарылды (видео)
Фото: "АКИпресс"
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың отбасы үйінен күштеп шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Экс-президенттің балалары Әлия Шағиева мен Қадырбек Атамбаев үйден қуылғандарын мәлімдеді. Оларды Қой-Таш ауылындағы үйінен шығарып жіберген. Полиция қызметкерлері олардың барлық затын шығарып, арнайы орнатылған контейнерге тиеген.
Атамбаевтар сот процесі жүріп жатқандықтан, мұның заңсыз екенін алға тартады.
Қадырбек Атамбаев әзірге туыстарының үйінде тұруға тура келгенін айтты.
Айта кетейік, 2011-2017 жылдары Қырғызстанды басқарған Алмазбек Атамбаев 2019 жылы 8 тамызда Чүй облысы, Қой-Таш ауылындағы резиденциясында бір тәуліктен астам уақытқа созылған арнайы операция барысында ұсталды. Операция кезінде арнайы жасақтың бір қызметкері қаза тапты. Қарсылық кезінде 100-ден астам адам, оның ішінде полиция қызметкерлері, медициналық көмекке жүгінді.
Ұсталғаннан кейін бірнеше күннен соң Атамбаевқа құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру, адам өлтіруді ұйымдастыру, адам өлтіруге оқталу, тұтқындарды басып алу, Бішкек ЖЭС-ын қайта құрудағы сыбайлас жемқорлық, "Форум" өнеркәсіптік тобы ғимаратымен заңсыз мәміле, Қой-Таш және Ыстықкөл облыстарында жер учаскелерін заңсыз алу сияқты айыптар тағылды.
2020 жылдың жазында экс-президент 11 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Кейбір айыптар кейін алынып тасталып, 2022 жылдың маусымында ол Бішкекте 2020 жылғы қазан айындағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру ісі бойынша ақталды.
Сот шешімімен 2023 жылдың 14 ақпанында 3,5 жыл түрмеде болғаннан кейін босатылып, ел аумағынан кетті. Бұрынғы президент журналистерге берген сұхбатында Испанияға емделуге кететінін айтқан. Қазір де экс-президент Қырғызстаннан тыс жерде.
Еске салсақ, маусымда Алмазбек Атамбаев 11,5 жылға сотталды.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
