Қырғызстанда үш жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайын жәрдемақы төленеді

Қырғызстанда үш жасқа дейінгі барлық балаға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленетін болды. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров тиісті жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Рresident.kg порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысының ресми сайтында хабарланғандай, жаңа жәрдемақы "Бала ырысы" деп аталады. Төлемдер 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап беріледі. Жәрдемақы әр балаға отбасының табыс деңгейіне қарамастан төленеді. Ай сайынғы төлем мөлшері 1200 сом (шамамен 6780 теңге).
Президенттің айтуынша, бұл шешім азаматтардың көптеген өтініштері негізінде қабылданған. Оның мақсаты – баланың дамуы үшін ең маңызды кезеңде отбасыларды қолдау.
Жапаров қазіргі жәрдемақы жүйесіне қатысты шағымдардың көп екенін атап өтті. Көп жағдайда аналар қажетті көмекті алу үшін күрделі бюрократиялық кедергілерге тап болады. Әсіресе бұл жағдай емшектегі сәбилерге қатысты болғанда өте орынсыз екенін айтты.
"Адамның ең маңызды физикалық және ақыл-ой қабілеттері өмірінің алғашқы жылдарында қалыптасады. Сондықтан біз жаңа “Бала ырысы” жәрдемақысын енгізуді тапсырдық. Әр бала өз ырысымен, өз бақытымен дүниеге келеді", – деді президент.
Оның пікірінше, мемлекет мұқтаж емес отбасыларға бірнеше артық жәрдемақы төлегені дұрыс, бірақ шын мұқтаж бірде-бір бала көмексіз қалмауы керек.
"Мен ешбір бала назардан тыс қалмайтын Қырғызстанды құрып жатырмын. Біз жасап жатқан барлық іс – балаларымыз бен елдің болашағы үшін", – деді Жапаров.
Бұл жаңа әлеуметтік қолдау шарасы балалар арасындағы кедейлікті азайтып, отбасыларға баланың өмірінің ең маңызды кезеңінде кепілді көмек көрсетуге бағытталған. Ұлттық статистика комитетінің дерегіне сәйкес, Қырғызстанда үш жасқа дейінгі шамамен 445 мың бала тұрады.
- Қазақстанда 19 баланы дүниеге әкелген көпбалалы отбасы тұрады
- "1,5 жастағы баланы 500 теңгеге сатып алдым": Қазақстандық ананың 39 баласы бар
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда көпбалалы әйелдерге 8 наурызға орай 43 мың теңгеге дейін біржолғы төлем берілетінін жазған едік. Басқа өңірлерде 8 мың теңге шамасында ғана беріледі. Ал бірқатар облыстарда мерекеге орай арнайы қаржылай көмек қарастырылмаған.
"8 наурызды тойламаймын": Қазақстандық әйелдер атаулы мерекеден не үшін бас тартқандарын айтты