“Қырғыз" тілі – Жетісу қазақтарының тілі": Қазақстандық тарихшы қырғыздардың ежелгі тілін ұмытып қалғанын айтып сынға қалды
Әлеуметтік желіде “тарих ағай” деген атпен танымал Нұрқожа Ерсайын “Айтарым бар” подкастында қазіргі қырғыз халқы өзінің негізгі тілін ұмытып қалғанын айтты. Қазақстандық тарихшының бұл мәлімдемесі желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Нұрқожа Ерсайынның айтуынша, қырғыз халқы қазақтың мәдениеті мен дәстүрін өзіне сіңіріп алған.
“Қырғыздар қазір қазақ тілінде сөйлеп жүр. Олар өз тілін ұмытып қалған. Қырғызстанда тұратын қырғыздардың киіз үй, киімі, ақ қалпағы, ішіп-жейтін тамағы қазаққа ассимилияция болып кеткенінен. Негізі қырғыздар қазақтарға қатты ұқсамайды. Нағыз қырғыздар – Енесайдан келген қырғыздар. Осылай айту олардың өздеріне де ұнайды. Оларың отаны – Енесай, қазіргі Хакасия. Хакастар – нағыз қырғыздар. Олар мына жаққа көшіп келген кезде жетісулық Ұлы жүздің тілінде сөйлей бастады. Ұлы жүз халқының киімін киіп, бүкіл дәрстүрін алған. Алматының шет жақтары, Кеген деген жерге барсаңыз, адамдар қырғызша сөйлейтіндей көрінеді. Қазір біз “қырғызша” деп жүргеніміз – негізі Жетісу қазақтарының тілі”, – деді Нұрқожа Ерсайын.
Сұхбат үзіндісі әлеуметтік желіде таралып, қызу талқыға түсті. Оның айтуынша, қырғыздар бұрыннан болған, бірақ кейінгі 4-5 ғасырда өзінің ежелгі қырғыз тілін ұмытып қалған.
Оның бұл сөзіне келіспегендер табылып, өз дәлелдерін келтірді.
“Ежелгі дейтіндей тіл статикалық нәрсе емес. Ол дамып, өзгеріп отырады. Мысалы, қазіргі орыс тілі мен 200 жыл бұрынғы орыс тілінің айырмашылығы бар. Ал мұнда 500 жылдан астам уақыт туралы айтып отырсың. “Ежелгі тіл” деп нені айтып отырсың”, – деген желі қоданушысы блогерге сауал жолдады.
Бұл ретте Нұрқожа Ерсайын Енесай мен Памир қырғыздары сөйлейтін тілді меңзеп отырғанын жеткізді.
“Енесай мен Памирдегі қырғыздардың туыстары сөйлейтін тілді айтып отырмын. Қырғызстандағы қырғыздар өзінің жақын туыстарын түсінбейді. Бірақ генетикалық тұрғыда өздеріне ұқсамайтын қазақтармен еркін сөйлеседі. Осы нәрсеге қатысты сұрақ тумай ма”, – деп жауап берді блогер.
Желі қолданушысының айтуынша, белгілі бір уақыттан бері қырғыздар және хакастар мен алтайлықтар жеке дара ұлт болып дамып жатыр.
“Хакастармен алтайлықтар өзін “қырғыз” деп санамайды. Олар “қырғыз” атауынан бөлініп кеткен. Бірақ өздерінің Енесай қырғыздарының ұрпағы екенін мойындайды. Тянь-Шаньға қоныс аударған сәттен бастап, біз жеке дара халық болып дамыдық деуге болады. Сіз қырғыздардың ең жақын туыстары хакастар деп айтып отырсыз, бірақ іс жүзінде бізге ең жақын халық — алтайлықтар. Алтай тілін біз толық түсінеміз, ал хакас тілін, ашығын айтқанда онша түсіне бермейміз”, – деп жазды желі қолданушысы.
Оның “қырғыздар Алатауға қазақ этносы құрылғанға дейін көшіп келді” деген сөзін қазақстандық блогер жоққа шығарды.
“Міне, басты қате. “Қазақ этносы генетикалық, мәдени және тілдік жағынан негізінен XIII ғасырда, Алтын Орда дәуірінде қалыптасты” деген тарихшы Жақсылық Сәбитов. Ал ресми деректерге сенсек, қырғыздар Алатауға XV–XVI ғасырларда қоныс аударған. Осы кезде Алатауға келген кезде қырғыздар алтайлық түркі тілінен қазақтар сөйлеген қыпшақ тіліне ауысып, олардың кейбір дәстүрлерін қабылдаған. Бұл — дауласатын мәселе емес, мойындалуға тиіс тарихи факт”, – дейді Нұрқожа Ерсайын.
Фото: Скрин
Қазақстандық тарихшының бұл мәлімдемесі желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Бірі блогерді қолдаса, енді бірі оның сөздерімен мүлдем келіспейтінін жеткізді.
“Нұрқожа қазақтың көрнекті тұлғасы тарихшы-этнографы Шоқан Уәлихановты "сатқын" деген адам. Сондықтан ондай адамның сөзіне ренжудің қажеті жоқ”, “Қазақтар, ренжімеңдер, бірақ қырғыз тілі — түркі тілдерінің негізі. Қырғыз тілінде сингармонизм заңдылығы толық сақталған”, “Бұл екі халықты араздастыру үшін істелген әрекет секілді. Орыстар мен украиндер де борщтан бастаған еді. Біз де "бешбармаққа” таласамыз ба? Бұл – арандатушылық”, – деп жазды желідегілер.
Сондай-ақ қазақстандықтар блогердің бұл сөзін жоққа шығырап, ашуға мінген қырғызстандықтарды сабырға шақырды.
“Ол үшін кешірім сұраймын”, “Бұл біздің арамыздан емес”, “Қазақ ретінде айтарым, келіспеймін”, – деп пікір қалдырды олар.
Қырғыз тілі шынымен қазақ тілінің диалекті ме?
Осы тұста тарихшы, этнограф, көшпенді танушы Батыржан Сейдомар бұл мәлімдемененің қаншалықты шындыққа жанасатынын айтты.
“Қырғыз қағандығында болған қырғыз тілі қазіргі хакас, шор, алтай халықтарында сақталып қалған. Бұл қазіргі қырғыз халқының тіліне ұқсас.Бірақ айырмашылықтар бар. Жетісу диалекті деген дұрыс емес. Дұрысы, оңтүстік қазақша. Өйткені қырғыздар Қазақ хандығында, кейін Қоқан хандығында, Моғолстанның құрамында болды. Орта Азияға көшкеннен кейін олардың өз мемлекеті болмаған. Қырғыздар қазақтардан біраз дүниені өзіне қабылдағаны рас. Мысалы, хакастардың оюлары сәл өзгеше. Оларда боз үй емес, ағаштан жасалған үй болған. Өйткені киіз үй орманда шыдас бермейді. Сол себепті олар үйді ағаштан жасайтын. Сондай-ақ қырғыздар "арқар мүйіз біздікі" дейді. Енесайда арқар қайдан жүреді", – дейді тарихшы.
Алайда тарихшы қырғыз халқы Алатауға қоныс аударғанда қазақ тілі болмағанын айтады.
"Қырғыздар XIII-XIV ғасырда Шағатай ұлысына, яғни Шыңғысханға кейінгі дәуірде Моғолстан болар алдында келген. Қазақ тілі ол уақытта болмаған. Хакастардың айтуынша, оларда хакас деген сөз жоқ. Оларға мұндай атау беріп жүрген орыстар екен. Хакастар өздерін "тадар" деп атайды. Тадар деген атау олар үшін қырғыз дегенмен бірдей. Сондай-ақ қырғыз тілінде парсы тілінен енген сөздер өте көп", – деді Батыржан Сейдомар.