Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кінәлілер жазаланады": БҚО әкімі екі қолынан айырылған балаға қатысты пікір білдірді

"Барлық кінәлілер жазаланады". БҚО әкімі екі қолынан айырылған 4 жасар баланың оқиғасына қатысты пікір білдірді. Қосалқы станцияда өзге балалармен ойнап отырған баланы тоқ соққан. Трансформатордың сымынан ұстап, соққы алды. Артынан екі қолынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” бірінші арнасына сілтеме жасап. 

"24-не қараған түні операция жасады. Одан кейін 4 күн жансақтау бөлімінде жатты. 28-і күні жағдайы жақсарды. Қазір түнде ұйықтамайды, түнгі 1:30-да оянып алады. Онымен бірге жүріп, көтеремін, арбаға отырғызамын. 

Жыламасын деп бәрін істеймін. Дәрігерлер ішкі органдарына зақым келген дейді. Бірақ оны емдеп жатыр. Асқазаны да жұмыс істеп тұрған сияқты. Оны тоқ соққанда бүкіл ауылда жарық сөніп қалды", – дейді баланың анасы.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, қайғылы оқиғаға энергожүйенің жағдайы себеп болған. Оған жыл басында Президенттің өзі назар аударған еді. Сонда ол облыстағы желілердің  80%-ы тозғанын атап өтті. Соның кесірінен де апаттық жағдайлар болады. 



"Мұндай жағдайлар бұрын да жиі болып тұратын. Бағаналар шіріген, сәл жел тұрса, сымдар құлап жатады. Бұл энергожүйе тек ақша алуға арналған. Сымдарды да жаңасына ауыстырмайды. 

Шынын айтқанда, Жанғалы ауданында трасформаторлардың есіктері жиі ашық тұрады. Міндетті түрде әлеуметтік желіде жазып, жапқызамыз", – дейді Жанғалы ауданының тұрғыны Айболат Бөкенов.

Алайда энергокомпаниядағылардың айтуынша, трансформаторлардың есіктегі әрдайым жабық. Болған оқиғадан кейін, олар баланың жағдайын білуге келмеген. 

Тек отбасына 200 мың теңге аударған. Қазіргі уақытта полицияда "немқұрайлылық" бабы бойынша іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде. Болған оқиғаға кінәлілер 12 млн теңгеге дейін айыппұл төлеуі немесе төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Облыс әкімі кеше өткен брифингіде кінәлілердің заң бойынша жазаланатынын айтты. 

"Әкім ретінде мұндай қайғылы оқиғаларға мен жауаптымын. Қазір тексеріс жүруде. Әкімдікке бағынышты компаниялардың кінәсі дәлелденсе, біз тиісті шара қабылдаймыз. Мемлекет тарапынан да, демеушілер тарапынан да балаға қажетті көмекті көрсетеміз. 
Мұндай жағдайлар қайталанбауы тиіс", – деді БҚО әкімі Ғали Исқалиев. 

Қазіргі уақытта бала облыстық балалар ауруханасында ем алуда.

“Жағдайы бірқалыпты. Жағдайға қарай икемделіп, телефонды аяғымен алып үйренді. Протездеу туралы айтуға әлі ерте. Екі қолының толық жазылғанын күту керек”, – дейді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының директоры Бекет Бадашев. 
 

Талқылау