"Қылмыстық жолмен алынған табысқа көлік пен пәтер сатып алған": Шымкент жастар театры директоры қамауға алынды
Фото: Видеодан скриншот
"Шымкент жастар театры" МКҚК директоры мен өзге де лауазымды тұлғалар 136 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, Шымкент жастар театры" МКҚК директоры мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды.
Ведомство дерегінше, мемлекеттік бюджеттен концерт өткізуге арналған жабдықтарды (соның ішінде колонкалар, сабвуферлер, сахналық ферма, күшейткіштер, микрофондар және т.б.) сатып алуға 320 млн теңге бөлінген. Алайда сатып алу талаптарын бұза отырып, лоттарды қолдан бөлшектеу арқылы 20-дан астам атау бойынша сатып алу электронды дүкен арқылы жүргізілген. Электронды сауда алаңы арқылы жабдықты нақты жеткізбеген жалған жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
"Күдіктілердің бірі қылмыстық жолмен алынған табысқа жалпы құны 48 млн теңге болатын автокөлік пен пәтер сатып алып, мүлікті жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген. Соттың санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды", – делінген агенттік хабарламасында.
Күдіктілер қамауға алынды.

Джей Ло концертінде жұмыс істеген кәмелетке толмаған волонтерлер ұйымдастырушыларға шағымданды
