Қылмыс деңгейі төмен, ал орташа жалақы 180 мың теңге: СҚО-да үшінші ауыл ішімдіктен толықтай бас тартқан
Солтүстік Қазақстан облысындағы Ковыльное ауылының тұрғындары ішімдіктен бас тартты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Сюжеттен скриншот
Ковыльное ауылында алкогольді ішімдік мүлде сатылмайды. Тұрғындардың сөзінше, ауылға арақ-шарап кіргізілмейді де екен. Ішімдіктен бас тарту туралы шешім осыдан 15 жыл бұрын қабылданған. Нәтижесінде ауылда қылмыс деңгейі азайып, тұрғындардың әл-ауқаты артыпты.
"Бұрын басқа ауылда тұрғанда аулада фляганы да қалдырып кете алмайтын едік. Бәрін тығып, жасырып жүретінбіз. Қазір үйіміз де ашық жатады", – дейді Ковыльное тұрғыны Светлана Гончаренко.
Ауылда барлығы 112 шаңырақ бар, қазір көшіп келушілер көбейген. Жолды жөндеп, ескі үйлерді қайта қалпына келтіріпті.
Ауылдықтардың орташа жалақысы 180 мың теңге, ал нанның бір бөлкесі 90 теңге екен. Оқушылар сабақ арасында тегін тамақтанады.
"Барлық үйге су жүргізілген, жылу желісі шамамен 50%-на тартылды. Шамамен 67%-на сантехника орнатылған. Наубайхана, асхана мен монша жұмыс істейді", – деді кәсіпкер Серік Малаев.
Жергілікті учаскелік полицей Ковыльное ауылында қылмыстың мүлде болмайтынын айтады.
"Қылмыс алкогольді ішімдік ішкен соң болады. Бұл ауылдай ондай жоқ, аумақта 130 камера қойылған, бұл қоғамдық тәртіпті сақтауда көмектеседі", – деді полицей Дәулет Молдахмет.