Киіз үйде жартылай жалаңаш билегендер: Іс әлі сотқа жетпеген, прокуратура қайта сараптама тағайындады
Киіз үйде жартылай жалаңаш билеймін деп сынның астында қалған бишілердің ісі қайта экспертизаға жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Желіде Алматыда киіз үйде хореограф Әлішер Сұлтанбекұлы бастаған жартылай жалаңаш жастардың билеген видеосы тараған еді. Қоғамда қызу талқыланған видеода кәжекей киген жартылай жалаңаш қыз-жігіт киіз үйде билегені бейнеленген. Ролик Алматы облысының Қарасай ауданында түсірілген.
Осы бейнероликтен кейін Қарасай ауданының полиция басқармасы Әлішер Сұлтанбекұлының үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру) іс қозғады. 2024 жылдың қазан айында тергеу жұмыстары сараптама кезеңінде болды. Бірінші мемлекеттік сараптама нәтижесіне сәйкес, Әлішер Сұлтанбекұлының биінен ешқандай қылмыстық құрам анықталмады. Осылайша, іс екінші мәрте сараптамаға жіберілді.
Алматы облысы полиция департаменті тергеу басқармасының аға тергеушісі Ернар Қалтаев прокуратура істі қысқартуға жол бермей жатқанын айтты.
“Бұл іс бойынша екінші сараптаманың нәтижесі әлі дайын емес. Сондықтан күтіп отырмыз. Экспертиза қорытындысы дайын болғанда іс сотқа жіберіледі. Прокуратура қайта сараптама тағайындап, істі қысқартуға жол бермей жатыр”, – дейді Ернар Қалтаев.
Еске салсақ, бұған дейін желіде киіз үйде жартылай жалаңаш билеген жастардың видеосы тарағаны туралы жазған едік.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
