Кезінде Димаш Құдайбергенді сынаған Бағым Мұхитденова: Пікірім әлі өзгерген жоқ
Продюсер, вокалшы Бағым Мұхитденова «Гәкку» арнасындағы «Если честно…» бағдарламасында Тимур Балымбетовке берген сұхбатында көпшіліктің ойында жүрген сауалдарға жауап берді. Бұл ретте Мұхитденова әнші Димаш Құдайберген жөніндегі пікірі өзгермегенін айтты.
Естеріңізге сала кетсек, 2013 жылы өткен «Саз әлем» бағдарламасына Димаш Құдайберген қатысқан болатын. Сайыс кезеңдерінің бірінде Бағым Мұхитденова әншіні сынап тастаған еді.
«Әдемі қалыңдық запорожецте отырғандай. Үйлеспейді. Не үшін жоғары ноталарды қостыңыз? Мұндайдың мүлдем қажеті жоқ еді. Бұл ән өзіңіздің вокалдық мүмкіндігіңізді көрсетуге арналмаған. Бізге келген қатысушылардың мүмкіндіктерін жақсы білеміз. Оны дәлелдеудің керегі жоқ. Маған ән ұнамады. Талғамсыздау болған сияқты», – деп сынады Бағым Мұхитденова.
Бұл жолы берген сұхбатында продюсер өз пікірінің өзгермегенін айтты.
«Бүгінде өз сөзімнен бас тартпаймын. Мен – кәсіби маманмын. Мысалы, «Отыздан асып барамын» деген сияқты әндерді түсіне алмаймын. Ал осындай әннің форматына классикалық дыбыстарды қосыңыз. Қандай микс шығатынын түсінесіз бе? Бұл диссонанс», – дейді продюсер.
Мұхитденованың сөзінше, ол Димаштың вокалдық мүмкіндігін мойындап, ерекше құрметтейді екен. Тіпті екеуі жақсы қарым-қатынаста сияқты.
«Бұл туралы сол бағдарламаның өзінде айтқанмын. Димаштың қалай ән салатынын білемін деп едім. Алайда өзінің дауыс мүмкіншілігін мұндай композицияға қосудың қажеті не? Той әндеріне классикалық дыбыстарды қосу дегенді түсінбеймін. Орынсыз емес пе? Ал шынтуайтында Димашты жақсы көремін. Мен оны, ол мені құрметтейді. Қарым-қатынасымыз жақсы. Жалпы, бұл кәсіби білімі жоқ мамандардың жоқтан бар жасаған әңгімесі», – деп түйіндеді продюсер Бағым Мұхитденова.
Оқи отырыңыз:
Димаштың жаңа əні Қытайда рекорд орнатты (видео)
Бағым Мұхитденова алғаш рет Мөлдір Әуелбекованың сатқындығы жайлы шындықты айтты
«Евровидение» байқауының жеңімпазы шашын тақырлап тастады (фото)