Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полиция анасын арызын қайтарту үшін кафеге шақырған": Астанада 8-сыныпта оқитын боксшы қыз сыныптасын әжетханада соққыға жықты деп айыпталды

Астанадағы мектептердің бірінде 8-сыныпта оқитын оқушы қызды сыныптасы әжетханаға алып кіріп, ұрып тастаған. Желіде жәбірленуші қыздың анасы Ләззат Махаббетова бокспен шұғылданатын оқушы басқа да қатарластарын қорқытып, сес көрсеткенін жазды. Алайда мектеп басшылығы мен Нұра ауданының полиция департаменті бұған көз жұмып қарап отыр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: © Depositphotos.com / VitalikRadko

Ләззат Махамбетованың айтуынша, сынып жетекші зардап шеккен қыздардың ата-аналарына хабарласпаған. Керісінше, қорлық көрсеткен боксшы қыздың анасы оңашада жиналыс өткізуге шақырған. Кездесу кезінде әйел кешірім сұраудың орнына, қыздарға қоқан-лоқы жасаған көрінеді.

"Жақында қызымды сыныптасы дәретханада жауып алып, ұрып тастады. Олар 8-сыныпта оқиды. Бұл боксшы қыз менің қызымнан бұрын басқа сыныптасын ұрған, ал үшінші қызға "кезегің келеді" деп қорқыта бастаған. Жалпы, барлығын үрейде ұстағысы келген. Бірақ бұл ең сорақысы емес. Боксшының анасы бәрін білген соң, олардың сыныбына келіп, сынып жетекшісінен өзінің қызы ұрып тастаған қыздармен жеке кездесу ұйымдастыруды сұрайды. Сынып жетекшісі ата-аналардың рұқсатынсыз, сол өтінішті орындайды. Боксшының анасы қорқытып, айқайлап, қыздарды боксшы қызының оларды ұруына себеп болған, шындыққа сай келмейтін өсектерге кінәларын мойындатуға мәжбүрлейді", – деп жазды Ләззат Махамбетова.

Сонымен қатар ол ана әлгі қыздардан кешірім сұратқызған. Ләззат Махамбетова екі күн бойы ешнәрсе білмеген. Қыздар қатты қорқып, бірден бізге айтпаған деді ата-ана.

"Мектептің атын атамай-ақ қояйын, өйткені олар менің ресми талаптарыма аз да болса жауап берді (дегенмен қарапайым кешірім әлі күнге дейін айтылған жоқ). Ал Нұра ауданының полициясын атап айтамын. Олар қыркүйектің басынан бастап не істеп жатқанын білмеймін. 10 қыркүйекте арыз жаздым. Екі күннің ішінде олар өтініштің қабылданғаны туралы талон беруі керек еді. Бір апта бойы оларға күнде қоңырау шалып отырдым. Ақыры ашуланып, айқай-шу шығарып жүріп талон алдым. Осыдан кейін олар мені бірінен екіншісіне, екіншісінен үшіншісіне сілтеп, "істі міне, мына жаққа жібердік, енді міне, мына жаққа жібереміз" деп, қайта-қайта әуреге салды", – деді жәбірленуші қыздың анасы.

Артынша Ләззат Махамбетова қол жұмсаған қыздың анасын қылмыстық жауапқа тарту бойынша арыз жазған. 

"Себебі ол менің кәмелетке толмаған қызыма оның заңды өкілінің қатысуынсыз эмоционалды және психологиялық қысым көрсетті. Сотқа шағым түсіру үшін маған алдымен полицияға жүгіну керек, бірақ олар әрекет етпей отыр. Полиция қылмыстық құрамды көрмей, тек әкімшілік құқық бұзушылық деп отыр. "Жақсы, ондай әкімшілік құқық бұзушылық үшін қандай жаза бар?" деп сұрадым. Олар "ешқандай, тек онымен әңгімелесу жүргізіледі" деп жауап берді. Мен осы жауапты маған жазбаша түрде беруді сұрадым. Бірақ сол жауап әлі күнге дейін жоқ. 20 күннен астам уақыт өтті", – деді ол.

Кейін мектеп орналасқан ауданның учаскелік полицейі Ләззат Махамбетованың үйіне келіп, полиция бөлімшесіне апарған. Істің қылмыстық емес екенін түсіндірмек болыпты. 

"Содан кейін мені мешіттің жанындағы кофеханаға апарды. Өйткені онда халал кофе сатылады екен. Ол мені кофемен сыйлап, үйге қайтарды. Полицей осы кофе арқылы менің басымды айналдырып, арызымды қайтарып аламын деп ойлаған сияқты. Сұрақ. Полиция не істейді сонда, егер халық олардың әрекетсіздігіне үнемі шағымданса? Оларға жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған сияқты. Бірақ олар тек адамдарға түкіргені мен балағаттағаны үшін айыппұл салады. Оның үстіне, ол айыппұлдар менің салықтарым мен жалақымнан алынған ақшадан төленеді емес пе? P.S. Маған жазбаша жауап береміз деген полицейлер: Еркебұлан – учаскелік, Азамат – Қорғалжын 13/9 мекенжайында отырады. Әуре сарсаңға салдырғандар – Мейрам, Мадияр, Назарбек және т.б.”, –деп жазды Ләззат Махамбетова ішкі істер министрлігіне.

Редакция бұған қатысты Астанадағы полиция департаментінен істің жай-жапсары туралы анықтап көрді.

"Тексеру нәтижелері бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен себептерді жою туралы ұсыныс Білім сапасын қамтамасыз ету департаментіне жіберілді. Полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қатысты қызметтік тексеру тағайындалды", – деп жауап берді полиция департаменті.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда бір топ бойжеткен өздерінен кіші қыздарды соққыға жыққанын жазған едік. Желіде тараған видеодан бір қыздың екіншісін ұрып-соғып жатқанын көруге болады. Облыстық полиция департаменті ұрып-соғу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Талқылау