Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кез келген жерден итеріп шығарып жіберетін": Бірнеше сұлулық салоны бар Қытайдан келген қандасымыз табысқа жету құпиясымен бөлісті

Осыдан 20 жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға отбасымен көшкен Нұржәмила Назарбек табысқа жету құпиясымен бөлісті. Сұлулық салоны желісінің қожайыны осы сала бойынша халықаралық байқауда да топ жарған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Тарихи Отанына алғаш табан тірегенде Нұржәмила Назарбек 23 жаста еді. Тіл білмегендіктен, бастапқыда тосырқайды, алайда оның қай нәрсені болмасын үйренуге деген ынтасын өшірмеді.

“Нәсіптің көзі – кәсіпте” екенін түсініп, арнайы курстан өткен соң, сән салонында жұмысын бастауға бел буады. Бірақ ол оңайға соқпады.

“Кез келген салоннан итеріп шығарып отырды. Бірінші – тіл білмеймін, қалада шыны керек, тұра алмадым. Айналып келіп базардан бастадым. Сол жерде өзіміздің қандасымыздың салонының бір шетінен алып, осы косметолог саласы, массаж, жалпы емдеу секілді жұмыспен айналысып, ақырындап өзім жалғыз бастадым. Сол базарда, міне, 15 жылдан бері әпке-сіңілідей болып кеткен, бірге өзімнің осы күнге жеткеніме дейін көріп отырған клиенттерім бар”, – дейді Нұржәмила Назарбек. 

Базардың бір бұрышынан басталған бизнес бұл күні сұлулық салоны желісіне ұласты. Кәсіптің әліппесін үйренген жерін жекешелендіріп те алған. Нұржәмила Назарбек былтыр Wulop 2021 халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Әлемді мойындатқан шебер шәкірт те тәрбиелейді. Артынан ерген бауырлары да түрлі  кәсіптің тізгінін ұстаған. Кезінде атажұртына оралуды аңсаған ата-анасы осы күнді көру ұлы арманымыз еді дейді.

“Ендігі жағдай сендерде, біз өзі оқығанымыз жоқ. Ендігі кәсіп көзін ашасың ба, елмен қалай байланыс жасайсың, кіммен танысасың, қай жерге барасың, ерік өздеріңде. Қолымнан келген көмегімді істеймін, енді сендер маған көмектесіңдер, сендерге көмектесетін жағдай жоқ, қалған малды бағып жата берем деп, жатып қалдым. Балалар өз алдына кетті. Шүкіршілік істеймін. Тәубе қыламын”, – дейді  әкесі Назарбек Баяхмет. 

Осы саланың сан қырын зерттеп, үздігі атану үшін үнемі тер төгіп жүрген Нұржәмила арғы бетте қалған өзге қандастарына үлгі. Оларға бар білгенін, ақылын айтады. Атажұртына бет бұрғандардың легі тоқтамаса, әр саланың үздігі болар еді деді.

“Қазанның құлағы қайда барса, төртеу” дейді ғой. Ниеттенсеңіз, біліміңізді кез келген жерде жаратуға болады деп айтамын. Еңбек барлық жерде бірдей, тек адам ниеттеніп жұмыс жасаса, Құдайға шүкір. Алланың арқасында деп айтайық, ата-анамыздың бастауымен келдік. Бесеуміз. Сол кезде ешнәрсе ұқпай тұрған баламыз ғой”, – дейді Нұржәмилә. 

Нұржәмила Назарбектің арманы – сән, сұлулық саласы бойынша қазақты әлемге паш ету. “Жалғыз ағаш орман болмайды”. Сондықтан үйренем деп өзіне келгеннің бетін қақпай, бірлесіп жұмыс істеуге дайын. 

Талқылау