Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кейбір құқық қорғау ұйымдары өкілдері, блогерлер мен журналистер арандатумен айналысып жүр – Тоқаев

Фото: freepik.com

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде кейбір құқық қорғау ұйымдары өкілдері, блогерлер мен журналистер арандатумен айналысып жүргенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Сол себепті біз еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолын кесіп келеміз, бұдан әрі де қатаң тосқауыл қоямыз. Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл – Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті”, – деп мәлімдеді президент.

Тоқаев оларды “шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр” деп айыптады.

“Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн”, – деді мемлекет басшысы.

Бұған қоса Тоқаев жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленгенін атап өтті.

“Сонда олардың арам ниеті, ашкөздігі мен Қазақстанға жаны ашымайтыны анық көрінді. Сондай-ақ кейбір танымал қазақстандық грант алушылардың көлеңкелі әрекеттері де белгілі болды. Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз. Осындай қисынды әрекеттерімізді халқымыздың басым көпшілігі мен ниеті адал халықаралық серіктестеріміз дұрыс түсінетініне сенімдімін. Идеологиялық өшпенділік – біздің дүниетанымымызға мүлде жат. Дәстүріміз бен құндылықтарымыз, болмысымыз бен өмір салтымыз ұлтымызды біртұтас тарихи-мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдейді", – деді ол.

Сондай-ақ президент “қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар” екенін айтып, “ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруға” шақырды.

“Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ. Мен көп жағдайда "Бұл қиындық та артта қалады" деп ашық айтамын. Сол сөзімді осы жерде тағы қайталағым келеді. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да солай болады. Ең бастысы, барынша жинақы болып, нақты нәтижеге ұмтылуымыз керек. Кез келген ауқымды дағдарыстан кейін зор мүмкіндіктерге жол ашылады. Сол мүмкіндіктерді дер кезінде әрі дұрыс пайдалану қажет. Өз күшімізге ғана арқа сүйеп, барлық ресурсты ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Бос сөзге ұрынып, байбаламға салынбай, жасампаз болғанымыз абзал”, – деді ол.

Президенттің сөзінше, әр істе темірдей тәртіп болуы қажет екенін баса айтты.

“Әр азаматтың бойында жауапкершілік сезімі өте жоғары болуға тиіс. Қоғамда өзара тілеулестік болуы керек. Әр істе темірдей тәртіп болуы қажет. Сонда еліміз де орасан зор табысқа жетеді. Баршаңызға мәлім, Заң мен тәртіп – менің стратегиялық бағдарымның арқауы. Мен әр сөйлеген сөзімде осы қағидаттарға арнайы тоқталамын. Таза Қазақстан, Заң мен тәртіп, Адал азамат идеяларының өзегі де – осы", – деп түйіндеді ойын Тоқаев.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 24 Сәуір, 2025 11:30
Талқылау