Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кейбірі алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысады": Президент кәсіпкерлерден жаңа идея естігісі келетінін айтты

Мемлекет басшысы ретінде әрбір мәселені ашық талқылауға дайын екенін тілге тиек етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Фото: Ақорда

Ол “кәсіпкерлермен кездескенде бизнес өкілдері белгілі бір саладағы саясатты жетілдіруге қатысты стратегиялық бастама көтереді деп сенемін” деді.

“Олар экономиканың түрлі саласын дамыту туралы нақты ұсыныс айтады деп үміттенемін. Алайда, кейбір кәсіпкерлер алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысады. Тіпті, бизнес-жобасына қолдау көрсетуді, өзіне жеңілдік беруді сұрайды. Сол үшін мемлекеттік органдарға тапсырма беруімді өтінеді. Бір сөзбен айтсақ, баяғы, үйреншікті жолымен жүргісі келеді. Өз мүддесін бәрінен жоғары қойып, жеке мәселесін мемлекет есебінен шешуге ұмтылады”, – деп атап өтті ол. 

Президенттің сөзінше, көптеген елдің, тіпті, көрші елдердің өзінде ірі кәсіпкерлер мемлекетке алақан жаймайды.

“Керісінше, туған елін дамытуға өз еркімен қыруар қаржы жұмсайды. Осы елде кәсібін жасап, байыған адамдар қара басының ғана емес, елдің де қамын ойлауға тиіс деп санаймын. Олар жеке мүддесін қоғам мүддесімен үйлестіре білуі қажет", – дейді мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында вейптердің зияны мен лудомания мәселесіне тоқталғанын айта кетейік. 

Талқылау