Кей қазақстандықтардың несиесі кешірілмек: Ол үшін жаңа ережеге сәйкес не істеу керек
Фото: Stan.kz
Қазақстанда борышкерлердің несие беру шарттарын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа ережелер әзірленді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұжымдық қайта құрылымдау механизмін енгізуді ұсынды. Бұл механизм арқылы қарыздарды біріктіруге, айыппұлдар мен комиссияларды алып тастауға, қарыз сомасын азайтуға немесе мүлдем кешіруге мүмкіндік беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кімдерге жеңілдік жасалады?
Қайта құрылымдауға келесі шарттардың барлығына сәйкес келетін азаматтар жүгіне алады:
- Банктер мен микроқаржы ұйымдарында екі немесе одан да көп кепілсіз қарызы бар;
- несие бойынша алты айдан астам немесе микронесиелер бойынша үш айдан астам мерзімі өткен төлемдері бар;
- Пәтер немесе көлік сияқты кепілге қойылған басқа несиелері жоқ;
- Жалпы берешек сомасы 1 600 АЕК-тен (шамамен 6,3 млн теңге) аспайтын.
Мұндай жағдайда азамат ұжымдық қайта құрылымдауға өтініш бере алады. Нәтижесінде несие беруші бірлескен шешім қабылдап, төлем кестесін қайта қарайды. Айыппұл мен өсімпұлды толық алып тастайды. Сонымен қатар 6 айға дейінгі мерзімге төлемді шегеру мүмкіндігін қарастырады.
Қарыз қашан азайтылады немесе кешіріледі?
Мына жағдайда қарыз толық кешіріледі:
- Қарыз алаяқтар арқылы рәсімделген болса;
- Қарыз алушының жағдайы құжат жүзінде расталған ауыр өмірлік жағдайлармен байланысты болса;
- Қарызды өтеуге объективті себептермен қабілетсіз екені барлық несие беруші тарапынан танылса.
Мұндай жағдайда банк міндетті түрде өтінішті қарап, қарызды азайту, пайыздарды алып тастау немесе төлем кестесін өзгерту сияқты шешімдер ұсынуы тиіс.
Қандай әрекеттер алаяқтық деп есептеледі?
Егер несие еркіңізден тыс рәсімделіп, қаражат үшінші тұлғалардың шотына аударылған болса және тергеу сіздің алаяқтықтың құрбаны болғаныңызды растаса банк қарызды өндіруді тоқтатып, тіпті оны жоюы мүмкін. Ол үшін келесі шарттардың бірі болуы қажет:
- Сізді жәбірленуші деп тану туралы қаулы болуы;
- Қаражаттың басқа адамдардың шотына аударылғаны;
- Банк дыбыстық растауды жүргізбеген және күдікті транзакцияға тосқауыл қоймағаны.
Қалай өтініш беруге болады?
Қарыз алушы банкке немесе микроқаржы ұйымына жазбаша өтінішпен жүгіне алады. Бұл жағдайда:
- Банк өтінішті қабылдап, тіркеуге міндетті;
- Өтініш 15 күнтізбелік күн ішінде қаралады;
- Қарау кезеңінде банк сотқа бере алмайды және қарызды коллекторларға өткізе алмайды;
- Қанағаттандырылмаған жағдайда банк жазбаша түрде бас тарту себебін түсіндіруі тиіс.
Қосымша кепілдіктер
- Егер екі жыл ішінде банк нақты қайта құрылымдауды ұсынбаса және айыппұлдар мен өсімпұлдарды жоймаса, ол қарызды коллекторлық агенттікке бере алмайды.
- Банктер веб-сайттарында қаралған өтініштер мен қабылданған шаралар туралы ақпаратты жариялауға міндетті.
- Жаппай бұзушылықтар болған жағдайда банк берешекті азайтудың жеке жоспарын жасап, оны уәкілетті органмен келісуі керек.
Жаңа ереже қарыздарды автоматты түрде кешіру емес, бірақ несие берушілермен мәмілеге келудің нақты мүмкіндігі. Ең бастысы өтінішті уақытында беріп, жағдайыңызды құжатпен растаңыз. Алаяқтардың құрбаны болғандар немесе қиын жағдайға тап болғандар үшін бұл қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Микронесиесі көп қазақстандықтар қарыздарын біріктіруге мүмкіндік алатыны туралы жазған едік.