Кешкі асқа жылқы етін жеген қазақстандық операция үстелінен бір-ақ шықты

Петропавлда дәрігерлер кешкі асқа жылқы етін жегеннен кейін жағдайы нашарлаған зейнеткердің өмірін сақтап қалды. Ол байқамай үшкір сүйек жұтып қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кешке қарай жедел медициналық жәрдемнің көпсалалы қалалық ауруханасына 66 жастағы ер адам жеткізілді. Ол қатты жүрек айну, төс тұсы мен мойын аймағындағы ауырсыну және жайсыздыққа шағымданған. Науқастың айтуынша, тамақ ішіп отырғанда жылқы етінің өткір сүйек сынығын байқамай жұтып қойған. Алғашында өзі басылар деп ойлағанымен, ауырсыну күшейе түскен. Дәрігерлер оның уақыт созбай, дер кезінде жүгінгенін дұрыс шешім болғанын атап өтті.
Тексеруден кейін шұғыл түрде эндоскопист дәрігер шақырылған. Тексеру барысында сүйектің ұстарадай өткір екені және ол өңештің шырышты қабатына екі жағынан қадалғаны анықталған. Жергілікті жансыздандырумен алу мүмкін болмағандықтан, науқас операция бөлмесіне ауыстырылған. Кейін жалпы наркозбен күрделі жағдайда бөгде зат алынған.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың өміріне қауіп тек операцияға дейін ғана емес, операция кезінде де болған.
“Мұндай жағдайда эндоскопистің жұмысы асқан дәлдікті талап етеді. Бір қате қимыл өңештің жыртылуына және қан кетуге әкелуі мүмкін. Мұнда дәрігердің тәжірибесі, команданың үйлесімді әрекеті және науқастың дер кезінде ауруханаға жүгінуі шешуші рөл атқарады”, – деді мамандар.
Егер ер адам уақытында келмегенде, салдары өлімге әкелуі мүмкін еді. Өңештің тесілуі, ауыр инфекция және сепсистің дамуына әкеледі.
Қазір Петропавл тұрғыны хирургия бөлімінде жатыр. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты. Ол дәрігерлердің бақылауында ем қабылдауда.
Аурухана дәрігерлері қазақстандықтарға тамақты асықпай жеуге және мұқият шайнауға кеңес берді. Сүйегі бар тағамдарды жегенде ерекше сақ болу керек. Кеуде немесе мойын тұсында ауырсыну, бір нәрсе тұрып қалғандай сезім болса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Қазақстандықтар үшін шетелге демалуға ең тиімді айлар аталды