"Кептелісті азайтамыз": Астанада мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты өзгертілмек
Астанада орталық атқарушы органдардың (министрліктердің) жұмыс кестесін өзгерту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Елорда әкімінің орынбасары Еркін Өтебаевтың айтуынша, бұл жолаушылар ағынын біркелкі бөлу есебінен Астананың көлік жүйесіне жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Өтебаев 2018 жылы әкімдіктің жұмыс күнінің басталуы сағат 8:30-ға ауыстырылғанын еске салды.
"Біз орталық атқарушы органдардың жұмыс кестесін ауыстыруды қарастыру үшін осындай бастамамен үкіметтік деңгейге шығуды жоспарлап отырмыз. Жарты сағатқа немесе бір сағатқа ауыса ма, белгісіз. Әлі де талқыланатын мәселе. Білім беру, денсаулық сақтау нысандарымен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасаймыз", – деді ол.
Әкім орынбасарының айтуынша, жұмыс кестесін өзгерту таңертеңгі және кешкі уақытта елорда жолдарына түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі.
"Егер қоғамдық көлікті пайдаланатын әрбір жолаушы жұмыс уақытын жарты сағатқа ауыстырса, жүргізушілер де маршруттарға ертерек шығуға мәжбүр болады. Бұл біркелкі қозғалысты қамтамасыз етуге көмектеседі. Алайда бұл мәселе қосымша жұмысты қажет етеді және біз оны бірлесіп жасаймыз", – деп қосты ол.