Кенесары ханның өлімі үшін қазақтардан кешірім сұраған қырғыз әншісі қамауға алынды
Қырғызстанда Кенесары ханның басы алынғаны үшін өз атынан қазақтардан кешірім сұраған әнші Қайрат Примбердиевті Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қамауға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Қайрат Примбердиевке араздықты қоздырды деген айып тағылды.
“Ayran – YouTube арнасында сөз сөйлеп, ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған мәлімдемелер жасады. Қайрат Примбердиевке қатысты ешқайда шықпау туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды”, – делінген хабарламада.
Қазіргі тиісті тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті нәсілдік, этникалық, ұлттық, діни немесе аймақаралық араздықты (алауыздықты) қоздыруға бағытталған әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертіп, бұл үшін заңда он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын жеткізді.
Еске салайық, 2025 жылдың қаңтар айында қазақстандық "Айран Медиа" жобасы қырғыз-қазақ қарым-қатынасына арнайы шығарылым арнады. Бағдарламада әнші Қайрат Примбердиев сұхбат беріп, қырғыздың Ормон ханы қазақтың ханы Кенесарының басын алғаны үшін қазақтардан өз атынан кешірім сұрады.