Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кеңес үкіметінің арқасында құрылды": Рудный тұрғыны мен Amanat депутаты көше атауларын қазақшалауға қарсы шықты (видео)

көше атауын ауыстыруФото: Видеодан скрин

Қостанай облысы Рудный қаласында екі көшенің атын қазақша өзгерту тақырыбы талқыланды. Тұрғындар Иван Франко көшесіне Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімін, ал Октябрьдің 50 жылдығы көшесіне Достық атауын беруді ұсынған. Қоғамдық талқылауда депутаттардың басым көпшілігі қазақша атауды қолдады. Amanat партиясының бір депутаты қарсы шықты. Ал тұрғындардың кейбірі өз уәжін ашумен жеткізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

21 қарашада Рудный қаласында екі көшенің атауын өзгерту жөніндегі қоғамдық тыңдаулар өтті. 

Бұған дейін 17 қазанда тұрғындар “уақыт талабы мен ұлттық рухты, қазақстандық бірлікті ескеріп, екі көшенің атауын өзгерту мүмкіндігін қарастыру” туралы ұсыныс енгізген.

Бірінші ұсыныс: Иван Франко көшесін Әлия Молдағұлова көшесі деп өзгерту.
Екінші ұсыныс: 50 лет Октября көшесін Достық көшесі деп атау.

Тыңдауды өткізу туралы мәселе бір ай бұрын Рудный қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында қаралып, сол кезде тыңдаулардың күні бекітілген.

Тыңдау қалай өтті?

Әлеуметтік желіде әсіресе жергілікті тұрғын Екатерина Корчагинаның сөзі кең талқыланды. Ол қала көшелерін қайта атау денсаулық сақтау мен инфрақұрылым мәселелерін шешпейтінін мәлімдеді. Бұдан бөлек, ол Рудный қаласы Кеңес үкіметінің арқасында пайда болғанын айтты. 

“Бұл қаланы менің анам өз қолымен салған. Өзім де осы қалада тұрамын және авто­мектептің басшысы ретінде адамдарды жолда қауіпсіз жүруге үйретіп, қаламызға қолдан келген көмегімді жасап жүрмін. Тек бір нәрсені еске салғым келеді: "Рудный қаласы кеңес одағының арқасында пайда болды". Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен түрлі ұлттың адамдары келді, денсаулығын қиып, осы қаланы салды. Ал қазір осы қалада өмір сүріп жатқан адамдар сол кеңестік дәуірде салынған үйлерде тұрып жатыр. Сіздерге қала, пәтер, өмір сүруге, жұмыс істеуге, отбасы құруға мүмкіндік берілді”, – деді әйел. 

Сондай-ақ ол көшелерге қазақша есім беруге қарсы екенін ашық білдірді. 

“Әлия Молдағұлова тарихта қалған жалғыз тұлға емес қой. Неге тек Әлия Молдағұлова? Ол ел тарихында ерекше рөл ойнаған тұлға, десе де қазір мүлде жоқ адам. Бірақ неге екені белгісіз, Кеңес Одағымен байланыстының бәрін жойғыларыңыз келеді. Әлия Молдағұлованың өзі де сол кезеңнің символы екенін ұмытып отырсыздар. Сондықтан мен бұл атауға қарсымын. Әлде осы өзгерістен кейін көшеде жолдар пайда бола ма? Денсаулық сақтау саласы жақсара ма?”, – деді Корчагин.

Осы сөзден соң залдан жергілікті тұрғын Екатерина Корчагина шығарылды. Ол регламент сақтамай, өте көп пікір білдірген. Отырыс аяқталған соң мәслихат төрағасы Азамат Искаков Екатерина Корчагинаның үстінен полицияға арыз жазды. Себебі тұрғын “регламенттеріңізге түкіргенім бар” деп айтқан. 

Корчагина жиыннан шыққан соң да желіге видео жүктеген. Онда ол “Кеңес Одағымен байланыстының бәрін ұмытқымыз келсе, қаланы жаңадан салайық” деп айтқан. 

“Егер Кеңес Одағымен байланыстының бәрін ұмытқыңыз келсе, онда қайтадан жаңа қала салайық. Онда 1991 жылға дейін салынған ештеңе болмауы керек. Көшелердің бәрін тек қазақша атаумен атау керек. Ол аттар осы қалада тұратын адамдарға таныс болуы керек. Сөзді жай ғана сөздіктен алып, кездейсоқ қоя салуға болмайды. Екінші мәселе ұлтаралық тақырып. “Ұнамай ма, кет!” деген сияқты сөздерге мүлде жол берілмеуі керек. Себебі Конституция бойынша бұл елде өмір сүруге тең құқымыз бар”, – деді тұрғын. 

“Бұл көп нәрсені ашық айтуға қорқады”

Тұрғын Екатерина Корчагинаның сөзі желіде қызу талқыға түсті. 

“Қазақ ұлты заңмен қорғалуы керек. Өйткені бұл біздің ел, жер. Дамыған елдерде алдымен өз халқын жарылқайды”.

“Бұл видеодан әлеуметтік мәселелердің тек бүркеніш ретінде қолданылып тұрғанын байқауға болады. Шын мәніндегі ой қазақтарға деген жасырын антипатия. Мұны оның жүзінен, дауыс ырғағынан, айтқан сөздерін қалай жеткізгенінен анық көруге болады. Мен жеке біреуге деген өшпенділікті “қоғамдық мәселе” етіп көрсетуге қолдау білдіре алмаймын”. 

“Ол көп нәрсені ашық айта алмайды. Себебі жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін біледі. Бірақ оның ишарасы мен астарынан бәрі көрініп тұр. Кімді меңзеп тұрғаны анық, көзге бірден түседі. Мені таңғалдыратыны, ұнамаса неге басқа елге кетпейді. Сосын бізді “ұлтшыл”, “орысфоб” деп айтады. Кеңес заманында қазақтардан көшені қалай атау керек деп ешкім сұраған жоқ. Ал қазір тыңдаулар өткізіп, халықтың пікірін елеп отыр”.

“Біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Болашақта барлық атау, барлық жазу қазақ тілінде болады. Орыс тілі болса, тек көрші мемлекетпен арадағы қатынасқа арналған қосымша тіл деңгейінде қалады”. 

“Бірінші тарихты оқысақ. Алтайдан Еділге дейін Оңтүстік Сібірден Ташкентке дейін тек қазақтың тарихы жері. Қазақтар мемлекет құраушы ұлт, қалғандары диаспоралар. Бұл төмендету емес, бұл – шындық”.

Көше атауын өзгертуге депутаттар не дейді?

Көшелердің атауын өзгерту мәселесінде 11 депутат “Иван Франко” көшесін “Әлия Молдағұлова”, ал “50 лет Октября” көшесін “Достық” деп атауды қолдады. Олардың ішінде тек бір депутат әрі “КРЦ “ГОРНЯК” компаниясының директоры Валерий Гирфанов қарсы шықты.

Айта кетейік, тыңдаулардан кейін желі қолданушылары депутат Гирфановты сынға алды. Олар депутатты “кеңестік өткенді қорғап отыр” деп сынға алды.

Журналист Жазира Бегалы депутатты сынға алып, бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайтынын айтты. 

“Әлия Молдағұловаға көше атауын беруге қарсылық білдірген жалғыз депутат Валерий Гирфанов қазақтың батыр қызын танымай ма? Мына видеода әлгі депутат қарсымын деп қол көтерді. Валерий Гирфанов көше атауын өзгертуге қарсы дауыс беру арқылы Қостанай облысының Рудный қаласында көше атауын өзгертуге наразы топтың қолтығына су бүркіп отырғанын аңғартты емес пе? Осындай адам маслихат депутаты болуы лайық па? Жалпы Рудный қаласындағы мектептерде оқушылар қай елдің оқу бағдарламасын оқиды? Гирфановтың мәселесіне көз жұмуға болмайды”, – деді ол. 

Сондай-ақ ол Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодарда қала, көше, ауыл атауларын өзгерту қажет екенін айтты. 

Гирфанов әзірге бұл айыптауларға жауап берген жоқ. Ал оның Instagram-дағы ресми аккаунты жабық режимге ауысқан.

Енді депутаттардың шешімін Республикалық ономастикалық комиссия мақұлдауы тиіс.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев "50 лет Октября" көшесін қайта атауды орынды қадам деп бағалады. Сондай-ақ бұл күн қазір маңызын жоғалтқанын айтты. 

“Мұндай адамдар мына жағдайға қалай қарар еді. Мәселен, Кеңес дәуіріндегі украин ұлттық ойшылы Франконың аты алынып, оның орнына Кеңес Одағының батыры Молдағұлованың есімі беріледі. Бұған, әрине, олар қарсылық білдірмейді. Бұл өз кезегінде олардың шынайы ұстанымын айқындап тұр”, – деп жазды ол.

Ал экономист Айбар Олжай мәселе кі бірдей құқық қорғау органының назарында екенін жеткізді. 

“Рудный бойынша. Бұл мәселе екі бірдей құқық қорғау органының назарында. Алдымен сараптама болады. Бәрі соның қорытындысына байланысты”, – делінген хабарламада. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қостанай облыстық полиция департаментінен тұрғынға қатысты мән-жайлы сұрап білді. Алайда әлі жауап ала алмады. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 24 Қараша, 2025 13:03
Талқылау