Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Залал 247 миллион теңге": Блогер Жанәбіловтердің қандай мүлкіне тыйым салынғаны айтылды

Фото: Видеодан скрин

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында блогер Жанәбіловтерге қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Прокурор олардың мүлкіне қатысты қандай шара қолданылғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаевтың айтуынша, блогердің жұбайының атына тіркелген бірнеше көлікке тыйым салынды. 

"Блогер Эльмира Төлегенованың атына тіркелген 8 Hyundai Elantra автокөлігі мен 17 iPhone 16 телефонына тыйым салынды. Сонымен қатар Lamborghini Urus және Lexus LX80 автокөліктеріне де қамау қойылды. Тұрғын үйге қатысты қылмыстық іс материалдары бойынша айыпталушылардың атына тіркелген жылжымайтын мүлік анықталмаған. Осыған байланысты тұрғын үйге ешқандай тыйым салынбады", - дейді Хайруллаев.

Хайруллаевтың айтуынша, келтірілген залал көлемі 247 миллион теңге. Бұл айыпталушылардың заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу арқылы тапқан қаражаты.

Айта кетейік, бұған дейін блогер Жанәбіловтер отбасы ұйымдастырған 10 көлік ұтысы дау туғызғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігі ұтыс заңдылығын тексеруге кірісіп, материалдар туризм министрлігінің "Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне" жолданды. Артынша, туризм және спорт министрлігі Instagram әлеуметтік желісіндегі "Zhanabylov_e" және "elt6i" аккаунттарында өткізілген бағалы сыйлықтарды ұтысқа салуға қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 15:30