Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Келінсің бе, өз орныңды біл": Желіде психолог-коуч Мәрзия Бекайдардың отбасыдағы әйел рөліне қатысты пікірі дауға ұласты

мәрзия психологФото: http://www.marziya.kz/site/courses

Желіде танымал психолог, коуч Мәрзия Бекайдардың отбасындағы әйел рөліне қатысты пікірі қоғамда дау туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Психологтың сөзінше, қыздар тұрмысқа шыққаннан кейін келіндік міндетін атқаруы керек екен.

“Ажырасу мәселесімен маған көп әйел келеді. "Мен көнбеймін, тұрмаймын" дейді. Мен сол кезде бірден "ажырасу сіздің проблемаңызды шешпейді" деймін. Өйткені сіз ажырасып кетсеңіз де, өзіңізді алып кетесіз. Келесіде тұрмысқа шықсаңыз да өзіңізді алып барасыз. Өзіңіздің мінезіңіз бен көзқарасыңыз өзгермейді. Ол жерде де тап сол проблемаға ұрынасыз немесе одан да жаман проблемаға ұрынасыз. Ажырасумен проблема шешілмейді. Тұрмысқа шығамын дегеннен бастап жауапкершілікті алу керек. Келін болып келдім ба, ол жерде мен келінмін. 1000 дипломым болса да, әлемді қаратқан болсам да ауылға бардым ба, мен ол жерде келінмін. Қызмет жасаймын. Дастархан басында отырған адамның бәріне шай құямын. Қандай ерке болып өссеңіз де, бастықтың қызы болсаңыз да, бүкіл әлемнің ең мықты университеттің дипломы болса да сіз келінсіз ба, өз орныңызды білуіңіз керек. Біз, әйелдер, тұрмысқа шыққымыз келеді. Бірақ қолымыздағы билікті бергіміз келмейді. Бұрынғыдай еркін қыдырып жүргіміз келеді, олай болмайды", – деді психолог. 

Желі қолданушылардың пікірі екіге бөлінді. Бірі қолдаса, енді бірі қараңғылыққа теңеп жатыр. Сондай-ақ продюсер Баян Мақсатқызы да психологтың пікірімен келіспейтінін ашық мәлімдеді.

“Осыдан кейін Мәрзияны тыңдамайтындар көбейеді”, “Коуч ретінде өткізетін дәрістері ешкімге керек емес”, “Өте дұрыс айтады. Келін өзінің міндеттерін білуі керек”, “Баян Алагөзова шулатып отыр. Негізі, Мәрзия қазақ әйелінің шын жанашыры”, “Баянды емес Мәрзияны таңдаушы едім. Өйткені ол бәрін шынайы оқиғалардан алады”, “Тағы да жауапкершілікті әйелге артып отыр”, “Ең өкініштісі, жас қыздар Мәрзияны ұйып тыңдайды, ізінен ереді”, “Толық білімі жоқ, өзін "психолог-тренер" санайтындар неге көп?!”, “Бұл хаостың артында кім тұр. Діннің беделі мен құнын түсірді”, – деп жазды көпшілік.

Осы орайда Stan.kz тілшісі қоғам белсендісі, құқықтанушы Айгерім Құсайынқызының пікірін сұрады.

“Мәрзия Бекайдардың аудиториясы – өзі сияқты діни ұстанымы бар қыз-келіншектер. Оның айтып отырған дүниесі сол ортаға өтімді. “Алланың алдына барғанда жауап беремін. Келіндік міндетім үшін де сұраламын” деуі – Мәрзияның нарративі. Өйткені бұған дейін де түрлі осындай кейстерімен аудиториясын қалыптастырды. Мен  бұл мәселеге гендерлік тұрғыдан баға бергім келеді. Зерттеушілер еркектерге қызмет етуді норма санайтын әйелдерді “пактіге отырғандар” деп атайды. Ол дегеніміз – патриархал қоғамға жағу үшін оларға қолайлы іс-әрекеттерді жағымды бейнеде көрсетуге тырысу. Жалғыз Мәрзияның кейсін ғана қарастырмайық. Оның ақыл айтып отырғаны – сен келінсің, қызмет етуің керек. Ал “Келін құлға айналып кетсе, кім пайда табады?!” деген негізгі критикалық сұрақты қоя бермейміз. Қазір отбасын құру, ондағы адамдардың атқаратын қызметі трансформацияға ұшырап жатыр. Жалғыз үй шаруасы келіннің ғана мойнында емес. Міндетті бөлісу керек. Жаңа ұрпақ Мәрзияның айтқанына көнбейді. “Неге мен ғана ыдыс жууым керек” дегенді айтатын да – жаңа ұрпақтың қыздары. Осы реалитиді қабылдауымыз керек”, – дейді қоғам белсендісі. 

Сондай-ақ құқықтанушы ажырасу мәселесіне де тоқталды. Сөзінше, ажырасуға қатысты кеңесі де өте қате пікір көрінеді. 

“Психолог өте көп кереғар пікір айтты. “Ажырасып мәселе шешпейсің” деді. Мәрзия еліміздегі әйелдердің ажырасу себептерін оқыды ма?! Мысалы, ҚР Қоғамдық даму институтының жыл сайын шығаратын “Қазақ отбасы” деген ұлттық баяндамасы бар. Сол жерде қазақ отбасындағы ажырасудың 10 себебі жазылған. Соны оқыды ма екен?! Одан кейін Мәрзия “Менің тәжірибемде кездесті” деген сөзді өте көп қолданды. Сіз жалқыдан жалпыға, жалпыдан жалқыға өте алмайсыз. Біз тек Мәрзияның тәжірибесінде кездесіпті деп 10 миллион әйелдің мәселесін шеше алмаймыз. Оның тәжірибесінде кездеспеген қаншама әйелдің мәселесі бар. Психолог ханымның “Менің тәжірибемде” деп сөз бастауы қаншалықты әділетті?! Міне, осы қауіпті. Ажырасу көп жағдайда – мәжбүрлік. Одан кейін тірі қалудың немесе баласын аман алып қалудың, денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы. Біз осыны түсінуіміз керек. Сол үшін де мен кез келген блогерлерге отбасы туралы айтпастан бұрын сауат ашуға кеңес берер едім. Қазақ отбасы туралы айтасың ба, ұлттық баяндаманы, Конститутциялық құқықты оқуға шақырамын. Егер сіз аудиториям бар деп заңға қайшы дүние айтсаңыз, оқырмандарыңыз сізге қарсы кэнселлинг жасауы мүмкін. Мен Марзияны айыптамаймын. Себебі оны тыңдайтын адамдар бар. Әйелдер арасында беделге ие болып отыр және одан айырылып қалғысы келмейді. Сол себепті жұртқа ұнау үшін қоғамда қалыптасып қалған, өте ыңғайлы позицияны әріқарай дамытуға мәжбүр”, – дейді Айгерім. 
@munaratv Мәрзия Бекайдар: Ажырасу проблеманы шешпейді. #ажырасу #келінболу #мұнаратв #мәрзиябекайдар ♬ original sound - munaratv
Гүлдана Нұрлыханова
Бейсенбі, 21 Тамыз, 2025 17:30
Талқылау