"Келінімізді күтіп жүрміз": Димаш Құдайбергеннің ата-анасы ұлдарының қашан үйленетінін айтты
ҚР халық әртісі, әнші Димаш Құдайбергеннің ата-анасы, өнерлі жұп Қанат пен Света Айтбаевтар болашақ келіндері туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/kanat_sveta_aitbayevtar/
“1001” бағдарламасы жүргізушілерінің "Келініңіз қандай болғанын қалайсыз" деген сұрағына әншінің анасы жауап берді.
“Қазақ келінін бір-ақ ауыз сөзбен айтқан ғой. “Адал сүт емген бала болса” деп. Сондай адам жолықса дейміз. Болған сәтте, қуанамыз. Келінімізді күтіп жүрміз. Өзінің бір сәті болар деп ойлаймыз. Димаш бізге шаңырақ көтеретін күнді айтса, міндетті түрде халыққа айтамыз. Жақсы жаңалық болса, бөлісеміз", – деді Света Айтбаева.
Сонымен қатар Қанат Айтбаев та жарының жақсы ене болатынын алға тартып, үлгілі келін болғанын жасырмады.
“Света – өмір бойы ата-енемен тұрған келін. Ата-анамның көңілінен шығып, үлгілі келін атанды. Анамның қаншама жақсы қасиеттерін бойына сіңірді. Әулетімізге сыйлы келін болды. Сондай адамның жаман ене болуы мүмкін емес. Өз басым, осы кісіге сенемін. Салт-дәстүрді де мықтап ұстанатын отбасылардың біріміз. Димаш үйде болса, әлі күнге дейін келген қонақтардың қолына су құяды. Ақтөбе өңірінде қолға су құю дәстүрі бар. Астанаға көшіп келгенде де сол салтты өзімізбен бірге ала келдік. Келіндеріміз сәлем салып, орамал тағады. Оның ар жағында жақсы тілек, ниет жатыр. Сондықтан салт-дәстүрден алыстамауымыз керек”, – деді Қанат Айтбаев.
Еске салайық, Димаш Құдайбергеннің құлап бара жатқан мобилографқа көмектескен сәті көпшілікті тәнті еткен еді.