Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Келініме лүпіл басып, хабарлама жазумен шектелмеді": Берденовке қастандық жасаған сотталушының әкесі пікір білдірді

сот үкіміне пікір білдірдіФото: Видеодан скрин

Руслан Берденовке қастандық жасағаны үшін сотталған Ернар Жиембайдың әкесі үкім жарияланғаннан кейін пікір білдіріп, тергеу мен сот процесіне шағым айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жиембай Пралиевтің сөзінше, тергеу біржақты жүргізілген.

"Руслан Берденов шектен шықты. Менің келінім сыйлы әулеттен шыққан қыз. Ал Берденов оған желіде лүпіл басып, түрлі қадамдарға барды. Бұл жалған немесе жала деп ойламаңыздар. Шынымен болған нәрсе. Саяси қызметтегі адам "сен" деп сөйлейді. Оның үстіне ұлыма "шашың түсіп қалған, үстіңдегі киімің не?" деп айтқан", – деді ол.

Пралиев ұлынан сот отырысы кезінде келініне қатысты ештеңе айтпауды сұрағанын жеткізді.

"Мен ұлыма: "Келін туралы ештеңе айтпа, жанын жараламайық" деп өтіндім. Сондықтан көп нәрсе жария болмады. Бәрін "лүпілге" әкеп тіреп қойды. Бірақ басқа да дүниелер болды, оны айта алмаймын. Сот барысында дәлелденген кейбір фактілер БАҚ-та көрсетілмеді. Тергеу біржақты жүрді", – деді Пралиев.

Сонымен қатар, ол сот процесінде маңызды айғақтардың назарға алынбағанын айтты.

Еске салайық, 21 сәуір күні Руслан Берденовке Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында оқ атылып, ол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді. Бұл іс бойынша айыпталушы қалалық құрылыс басқармасына қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің бұрынғы директоры Ернар Жиембай.

Жәбірленуші Руслан Берденов сот отырысына онлайн режимде қатысқан. 18 тамызда прокурор Ернар Жиембайға 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Алайда айыпталушының қорғаушысы тағылған айыппен келіспей, оның әрекетін "кісі өлтіруге оқталу" емес, "қасақана ауыр зиян келтіру" деп бағалау керек екенін айтқан.

20 тамызда Ернар Жиембайға қатысты сот үкімі шығып, ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен ол сот үкімімен келіспейтінін жеткізді. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 20 Тамыз, 2025 14:51
Талқылау