Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Келесі кездесуді асыға күтемін": Трамп мемлекет басшысы Тоқаевқа хат жолдады

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

АҚШ президентті Дональд Трамп Тоқаевқа хат жазып, жыл соңына қарай Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді. 

“Америка көшбасшысы ақпан айында Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы жиыны аясындағы Қазақстан Президентімен кездесуді ықыласпен еске алды. Құрама Штаттардың Президенті Мемлекет басшысын Бейбітшілік кеңесінің келесі отырысында және жыл соңына қарай Майамиде өтетін G20 саммитінде күтетінін жеткізді”, – делінген хабарламада. 

Осылайша Трамп елдер арасындағы диалогтың стратегиялық маңызын атап өтіп, алдағы кездесулердің кестесін жариялады.

Бейбітшілік кеңесі: АҚШ президенті келесі отырыста жаһандық күн тәртібін талқылауды жалғастыруға ниетті екенін білдірді.

G20 саммиті: Трамп 2026 жылдың соңында Майамиде өтетін G20 саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп күтетінін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Вашингтонда Бейбітшілік кеңесінің жиынында Тоқаев Қазақстан Газаға бітімгер миссиясы құрамында әскер жіберуге дайын екенін мәлімдеген еді. 

Осы жиында Трамп Газa секторы бойынша Бейбітшілік кеңесінің бюджетіне тоғыз ел 7 миллиард доллардан астам қаржы бөлгенін айтқан. 9 елдің арасында Қазақстан да бар. АҚШ президенті жария еткен жеті миллиард доллар жарнаның нақты қаншасы Қазақстанның үлесіне тиетіні әзірге белгісіз.  Ал бұған дейін Ақорда Қазақстан 1 миллиард долларлық жарна төлемегенін мәлімдеген.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 19 Наурыз, 2026 12:30