Келер жылы "Отбасы банк" "Ұмай" әйелдер ипотекасын жаңа шарттармен қайта бастайды
Алматыда "Отбасы банк" АҚ ұйымдастыруымен UMAI әйелдер форумы өтті. Аталған іс-шара банк клиенттерін, серіктестер мен құрылысшылардың басын қосты. Сондай-ақ білім беру компанияларын да тоғыстырды. Форум өз кезегінде әйел тақырыбына арналып, олардың келер жылы "Ұмай" әйелдер ипотекасымен қалай баспаналы болатынына тоқталды. Одан өзге қандай мәселелер қозғалды?

Форумның алғы сөзін бастаған "Отбасы банк" АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов әйелдер қауымының жеке баспаналы болуының маңызына тоқталды. Айтуынша, тұрмысқа енді шыққан қыз-келіншектердің екінші баспанасы өзіне қосымша табыс, ал келеңсіз жағдай туындағанда барар баспасы болады.
“Біз алғаш рет осындай ауқымды форум өткізіп отырмыз. Бүгін біз "Ұмай", "Жасыл ипотека 2025", "Наурыз" бағдарламасының шарттары туралы айтпақпыз. Бірақ нақты бұл тақырыптарды ғана емес, әйел теңдігін де көтергіміз келіп тұр. Қазақ қоғамында ысырапшылдықтың әсерінен жас отбасыларды баспана мәселесі кеш алаңдата бастайды. Бәріміз де әке, ағамыз. Қызымыз бен қарындастарымыздың далада қалғанын қаламаймыз. Ата-аналар қыздарына тұрмысқа шықпай тұрып үй алып қойса, ол жақсы қаржылық инвестиция екенін айтқым келеді”, – деді ол.
"Отбасы банк" АҚ – қазақстандық әйелдерді қолдауда ерекше көңіл бөліп келе жатқан отандық банк. Осы мақсатта банк үш жыл бойы Азия даму банкімен бірлесіп "Ұмай" әйелдер ипотекасы арқылы 3 660 қазақстандық қыз-келіншекке баспана сатып алуға көмектесті. Солардың бірі форумның қонағы болып келген – Евгения Гунина. Онымен тілдесіп, бірқатар сұрақтарымызды қойып үлгердік.
“Осыған дейін баспаналы болуды ойлап жүр едім. Бұл ипотекалық бағдарлама немісен мені қызықтырды? Мұнда алғашқы жарнаманың сомасы арзанға шықты. Жалпы банктің стандартты шрттарында 50 % болса, "Ұмайда" Астана және Алматы қалалары үшін бастапқы жарна сомасы – 20 %. Есептей келе айына 185 мың теңге төлейтін болдым. Бұл сома мен үшін қолайлы болды. Сондай-ақ, бағдарламаның басты ұтымды тұсы – мен зейнетақы жинағын қолдана алдым. Осылайша екі жыл ішінде баспаналы болдым”, – деді ол.
Айта кету керек, "Отбасы банк" АҚ гендерлік теңдікке қосқан үлесі үшін Қазақстандағы Орталық Азия елдері ішінде экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының марапатын алған жалғыз банк. Бұған тікелей әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекасы сеп болған. Келер жылы болатын өзгерістерге сәйкес бағдарлама шарттары бойынша ең жоғары несие сомасы – 50 млн теңге болуы мүмкін. Қарыз алушының жасы – 18-ден 65 жасқа дейін. Ал бастапқы жарна сомасы – 20 %-дан бастап белгіленеді деп күтілуде. Бұдан өзге бағдарламаның ерекшеліктеріне Алматы қаласы "Отбасы банк" АҚ директоры Данагүл Түсіпова тоқталды.

“Биыл Азия даму банкімен келер жылы осы бағдарламаны қайта іске асыру бойынша меморандумға қол қойылды. Бағдарламаның бір ерекшелігі – әйелдің тұрмысын жақсарту, оны жеңілдете түсу. Мәселен, балаларының мектебі мен балабақшасының жанынан үй сатып алуға болады. Бұл қыз-келіншектерің аз да болсын энергиясын, уақытын үнемдейді. Келесі ерекшелік – біз ипотека алуға ниетті әйелдердің артында үйі бар ма жоқ па екенін қарамаймыз. Екінші не үшінші пәтерін ала алады. Келер жылғы өзгерістер енгізілсе, тұрғын үйді бастапқы нарықтан да, екінші нарықтан да таңдауға болады. Мұның бары әйел қауымының өмірін қалай да болсын жақсарту үшін жасалып жатқан іс”, – деді.
Іс-шара барысында түрлі қызықты тақырыптарда ой-талқы, сән көрсетілімі, жұлдызды қонақ, марапаттау рәсімі өтті. Спикерлер қазіргі заманда қалай бәрін үлгеруге болатынына, келер жылы іске асатын "Наурыз", "Жасыл ипотека 2025" бағдарламалардың шарттары, балалар мен әйел құқығы сынды тақырыптарда сөз қозғады. Форум нетворкингпен аяқталды.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған