Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кек алмақ болған: Орал тұрғынын өз үйінің ауласында атып кетті

Орал тұрғынын өз үйінің ауласында атып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 


Фото: mgorod.kz

Оқиға 14 қаңтар күні Круглоозерное ауылында болған. Түнгі сағат 4:00-де 20 жастағы ауыл тұрғыны Кирилл Иртикеевті екі ауылдасы көшеге шақырып, оған екі рет мылтықпен оқ атқан. Бір оқ ішіне, екіншісі қолына тиген. Кириллдің анасы Ирина Иртикеева қылмысқа жаңа жылға дейін болған жанжал себеп болғанын айтады.

“28 желтоқсан күні ұлым күдіктілерден бір баланы қорғап, араша түскен. Сол жерде төбелес болған, бірақ олар тынышталмады, 14 қаңтар күні ұлымды үйден шақырып алды. Ол бастапқыда шыққысы келмеді, бірақ ақыры барды”, – дейді жәбірленушінің анасы. 

Кириллдің ата-анасы бұл туралы таңертең ғана білді. Оларға келіні қоңырау шалып, қорқынышты жаңалықты хабарлаған. Белгілі болғандай, оқ атқан күдіктілер өздері такси шақырып, жараланған жігітті ауруханаға апарып, сол жерде тастап кеткен.


"Жәбірленуші өзі бірінші пышақ алып шыққан": Қорғанамын деп байқаусызда адам өлтірді деп айыпталған қазақстандық 8 жылға сотталмақ


Кириллдің анасының айтуынша, ұлының ішіне тиген оқ ішектерін зақымдаған, ал екінші оқ оң қолына тиіп, сіңірін жарақаттаған. Дәрігерлер қолының толық қалпына келетініне кепілдік бере алмайтынын айтады. Кирилл жұбайымен бірге екінші сәбилерін күтіп отыр екен.

“Қазір ұлымның жанында Елизаров аппараты тұр. 15 қаңтарда ол вахталық жұмысқа кетуі керек еді, бірақ қазір толықтай еңбекке жарамсыз. Іші жазылып келе жатқан сияқты, бірақ қолының жағдайы қиын. Үш саусақ мүлде қимылдамайды. Алда әлі бірнеше операция болуы керек”, – дейді Ирина Иртикеева.

Жәбірленушінің әкесі Владимир Иртикеев тергеу барысына наразы. Полицейлер күдіктілердің екеуін де ұстаудың орнына, тек біреуін ғана ұстаған. 

“Біз ұлымызды өлтірмек болды ойлаймыз. Мен екі өтініш бердім, екеуі де қабылданбады. Сонымен қатар біз істің бабамен келіспейміз. Іс "Қатыгездікпен дене жарақатын салу" бабы бойынша жүргізіліп жатыр, ал біз "Кісі өлтіруге оқталу" бабымен қарауды талап етеміз”, – деді Владимир Иртикеев.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қылмысқа қатысты тергеу “бұзақылық” және “кісі өлтіруге оқталу” бабы бойынша жүргізілуде. Қылмыс жасау күдігімен ауылдың екі тұрғыны ұсталған.

Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысында ер адам дүкен тонамақ болып, сатушы әйелді пышақтап өлтіргені туралы жазған едік. 

Талқылау