Алматы облысында еріген қар суының салдарынан жол опырылып кетті (видео)

Алматы облысындағы "Кеген – Нарынқол" республикалық автожолының 20-шақырымындағы бөлігін еріген қар суы шайып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық компания мәліметінше, 1960–1970 жылдары салынған бұл жол учаскесі бұрын су тасқыны қаупі бар аймақ ретінде саналмаған. Алайда биыл еріген судың мөлшерден тыс көп келуі жағдайды күрт өзгерткен. Соның салдарынан жол қозғалысы барлық көлік түрі үшін уақытша шектелді.
Көлік қозғалысы уақытша топырақ жол арқылы ұйымдастырылды. Бұл бағытта тәулігіне шамамен 500 көлік жүретіндіктен, үлкен көлік кептелісі тіркелмеген.
Қазір жағдайды тұрақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына 20-ға жуық арнайы техника тартылған. Аталған жол бөлігі орташа жөндеу жүргізген мердігер ұйымның қарауында екені айтылды.
"Жақын арада қиыршықтас төселген уақытша айналма жол салу жоспарланып отыр. Су өткізгіш құбыр мен жол негізін қалпына келтіру жұмыстары еріген су толық өткеннен кейін басталады", — деп хабарлады жол операторының баспасөз қызметі.
Су толық қайтпайынша, жолды толық қалпына келтіру мүмкін емес. Арнайы қызметтер инфрақұрылымның одан әрі бұзылуына жол бермеу үшін учаскені тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Шымкентте асфальт опырылып, бірнеше көлік шұңқырға түсіп кетті (видео)
Түркістан облысында Келес өзені арқылы өтетін көпір құлады (видео)
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте жаңбырдан кейін жаңа асфальт опырылып, су құбырын жарғаны хабарланған еді.
Салдарынан жақын маңдағы үйлерде су өшіп қалған. Бұған қоса, Жолдағы опырылған шұңқырдан көлік қозғалысы қиындаған. Участок бес күнге жуық осындай жағдайда тұрған.
Қазір зақымдалған жол учаскесі топырақпен толтырылған. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы шілде–тамыз айларында көшені ТОО "Atash Trans Logistics" мердігер ұйымы жөндеген. Асфальтобетон жабындысын төсеу және жол негізін тығыздау кезеңінде сапаны тексеру Ұлттық сапа орталығы арқылы жүргізілген.
Анықталған ақаулар мердігер компания арқылы жөнделетіні айтылды. Себебі кепілдік мерзімі бес жылдан асады. Жөндеу жұмыстары наурыз айының соңына дейін аяқталуы жоспарланып отыр.