ҚДКБҚ Төрағасы: Салымдарды сақтандыру – елдің қаржылық қауіпсіздігінің маңызды саласы
Өтіп бара жатқан жыл отандық банктер үшін біршама қолайлы жыл болды. Бұл жағдайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қалай жұмыс істеді? Ұйым басшысы Қор тарихындағы елеулі оқиғалар мен қаржы саласындағы келешегі бар үрдістер туралы әңгімеледі.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беру – 2024 жылы елеулі оқиғаға айналды. Алғашқы кезеңде 200 миллиард теңгелік портфель 6 компанияға үлестірілді. Бұл қадам тәуекелсіз активтер нарығында белсенділікті, өтімділікті және бәсекелестікті арттыратыны сөзсіз.
"Бұл кезеңде 6 жеке басқарушымыз мемлекеттік бағалы қағаздарға және ақша нарығының құралдарына ие болады. Аталмыш бастаманы пысықтау барысында біз басқарушылардың жұмысын бағалайтын бағдар керектігін түсіндік. Сөйтіп, Ұлттық Банк және KASE-мен бірлесіп, арнайы композиттік индексті іске қостық. Ол біз үшін жұмыстың өлшем бірлігіне, ал нарық үшін жаңа сапалы индикаторға айналды", – деп түсіндіреді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Төрағасы Әділ Өтембаев.
Қазақстанның Ұлттық Банкі ҚДКБҚ активтерінің негізгі басқарушысы болып қала береді. Ал енді жеке басқарушылардың инвестициялық қызметі 2024 жылдың қорытындысы бойынша баға беріледі.
"Сақталу – бұл депозититерді сақтандырушылардың вокабулярындағы басты сөз. Депозиттерге кепілдік берудің негізінде мынадай қағидат жатыр – банктер арнайы қорға жарна төлейді, ал қор сол ақшалардан резерв қалыптастырады және оны сақтайды. Банктердің бірі лицензиясынан айырылса, салымшыларға сол резервтен өтем төлейді. Бұл модель әлемнің көптеген едерінде қолданылады. Олардың арасында Қазақстан да бар. Міндеттемелерді уақтылы және толығымен орындау – басты міндетіміз", – дейді ҚДКБҚ басшысы.
2024 жылы ҚДКБҚ жинақталған активтерінің көлемі триллион теңгеден асты. Банктерде жеке тұлғалардың депозиттері де өсуде, сәйкесінше депозиттік базаның минимум 5%-ын құрайтын қажетті өтеу деңгейін қамтамасыз ету маңызды. Резервтің 55%-ы инвестициялық кіріс, ал 43%-ы банктердің жарналарынан құралған.
Жарналар әділ және жеткілікті болуы үшін ҚДКБҚ тоқсан сайын (ислам банктерін қоспағанда) жүйеге қатысушы әрбір банктің қаржылық ахуалына баға береді. Соған сәйкес банктің Қорға төлейтін жарнасының көлемі есептеледі. Тәуекел-бейіні жоғары банктер орнықты банктерге қарағанда жарнаны жоғары мөлшерлемемемен төлейді.
Банктерге келіп немесе онлайн түрінде салым, шот немесе карточка аша отырып, клиенттер енді шарттың маңызды талаптары туралы ақпаратты бірінші беттен, ірі әріптермен, ыңғайлы, кестелі нысанда көреді. Бұлар: нақты салым бойынша кепілдік сомасы, салымның түрі мен валютасы, мөлшерлемесі және сыйақы төлеу, жинақтау, ақша алу және ұзарту талаптары. Олар 2024 жылдан бастап заңнама жүзінде бекітілді. Одан басқа, банктер салымдар бойынша кепілдіктің қалай және қандай жағдайда жұмыс істейтіндігі туралы қосымша ақпараттар береді.
2024 жылы ҚДКБҚ өтем төлемеді – ешбір банк лицензиясынан айырылған жоқ.
Өтем төлеу жоқ кезде Қор технологиялық әлеуетті күшейтуге күш салды. Қор Ұлттық Банкпен бірлесіп, озат цифрлық технологияларды қолдана отырып, өтем төлеу тәртібінің жаңа тұжырымдамасын әзірлеуде.
Бүгінде заңнамада 35 жұмыс күні белгіленген. Ал Қор 6-8 жұмыс күніне ұмтылуда – бұл халықаралық стандартқа сай келеді. Бұған АзияКредит Банк, Tengri Bank және Capital Bank Kazakhstan банктерінің салымшыларына өтем төлеу кезінде қол жеткізілген.
"Депозиттерді сақтандырушылар қауымдастығы арқылы бізге әлем бойынша 99 депозиттерді сақтандырушылардың тәжірибелері қолжетімді. 25 жылдық қызметіміз барысында өзіміз де тәжірибе жинақтап, өз пайымдарымызды қалыптастырдық. Біз салымшылар, отбасылар үшін үздік әлемдік стандарттар мен тәжірибелерді іске асыруға ұмтыламыз", – деді Қор басшысы.
Еске саламыз, 9 банкте, олардың ішінде Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan, Asia Credit Bank және Астана Банкінде мәжбүрлеп тарату үдерісі жүргізілуде.
Қор барлық банктердің салымшылары алдындағы өз міндеттемелерін толық көлемде орындады: 113,5 миллиард теңге төленді, 830 миллион теңге төлем мерзімі аяқталғаннан кейін, салымшылдардың БЖЗҚ-дағы ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылды. Бұл ретте Қор төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған салымшыларға өтем төлеуді жалғастыруда.
ҚДКБҚ кепілдіктерінің максималды сомасы салымдардың түрі мен валютасына тікелей байланысты:
- теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 20 млн теңге;
- теңгедегі басқа депозиттер, сондай-ақ төлем карточкалары мен ағымдағы шоттар бойынша – 10 млн теңге;
- шетел валютасындағы барлық депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша – 5 млн теңге.