Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазсушар" филиалы суды заңсыз пайдаланып, 20 миллион шығын келтірген

Су ресурстары және ирригация министрлігі Алматы облысындағы "Қазсушар" филиалындағы заң бұзушылықтарды анықтады. Материалдар уәкілетті органдарға жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: "Қазсушар" мекемесі

Мәліметтерге сенсек, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша ведомство су ресурстарын басқарудағы заң бұзушылықтармен, судың "көлеңкелі" нарығымен және су саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы күресті жалғастырып жатыр. Салдарынан су ресурстарын заңсыз және тиімсіз пайдалану, мемлекеттік сатып алуға байланысты заң бұзушылықтар анықталды.

"Алматы облысының Күрті ауданында шаруа қожалықтарының суармалы суды жергілікті "Қазсушар" филиалымен келісімшартқа отырмай пайдаланғандары анықталды. Атап айтқанда, 100 гектар егіс алқабын суару үшін суды заңсыз алған. Сондай-ақ кейбір гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты каналда қосымша су шығыны анықталды. Яғни, филиал басшылығының нысандардың техникалық жай-күйіне жеткіліксіз бақылау жүргізуіне байланысты су ресурстарын тиімсіз пайдалану және есебін жүргізу оқиғалары тіркелді", – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алуда заң бұзу фактілері анықталды. Филиал заңды және ішкі нормативтік құжаттарды бұза отырып, бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы 7 келісімшарт жасасқан. Осыған дейін, 2023 жылғы шілдеде жалпы сомасы 17,5 миллион теңгеге Сол жағалау магистральды каналының жер бөлігін механикалық тазалау қызметін көрсетуге осындай тәсілмен шарт жасалған. Яғни заң бұзушылық жүйелі түрде қайталанған.

Филиал директорының міндетін атқарушы жақын туыстарымен бірге жұмыс істеуге жол бермеу туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада белгіленген талапты сақтамаған. Тексеріс қорытындысы бойынша барлық анықталған құқық бұзушылықтардың жалпы сомасы шамамен 20 миллион теңгеге жеткен.

Барлық анықталған заң бұзушылық бойынша материалдар тиісті уәкілетті органдарға жіберілді. 3 құқық бұзушылық фактісі бойынша филиал директорының міндетін атқарушы тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. 
Айта кетейік, директордың міндетін атқарушы осыған дейін де бірнеше мәрте ескерту түрінде тәртіптік жауапқа тартылған. Облыстық филиалға кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді.



"Қазсушардың" басқа да облыстардағы филиалдары тексерістен өтеді. Айта кету керек, судың "көлеңкелі" нарығымен тиімді күресу үшін министрлік жанынан су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөнінде жаңа комитет құрылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата мен су ресурстары және ирригация министрлігі бірлесіп жүргізген тексерістердің қорытындысы бойынша "Қазсушар" кәсіпорынының басшы лауазымындағы 5 қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды. Ал су ресурстары және ирригация министрлігінің ішкі аудит департаменті Жамбыл облысында суды заңсыз пайдаланудың 10 фактісін анықтады. Бүгінде филиал басшысы қызметінен босатылды.

Талқылау