Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚазМұнайГаз Орал тұрғындары үшін жаңа спорт кешенін салып берді

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ ел президентінің тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылған Орал қаласында көпбейінді спорт кешенін салу жобасын аяқтады.

"Jaiyq Arena" спорт кешенінің ашылу салтанаты ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев және ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтың қатысуымен өтті.

“Оралдағы жаңа спорттық-сауықтыру кешені болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін орталық ғана емес, сондай-ақ тұрғындар спортпен шұғылдана алатын орынға айналмақ. ҚазМұнайГаз әлеуметтік жауапты компания ретінде өз қызметін жүргізетін өңірлерінде әлеуметтік жобалар, соның ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен спорттық-мәдени нысандар салу бойынша жұмысты белсенді жүзеге асырып келеді. Бұл бағыттағы жұмыс азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жалғасын табады”, — деді ҚМГ басшысы.

20 мың шаршы метр аумақты алып жатқан спорт кешені бір ауысымда 300 адамға дейін қабылдай алады.

"Jaiyq Arena" ғимаратында 25 метрлік алты жолағы бар бассейн, бокс, күрес, үстел теннисі, садақ ату, фитнес, шағын футбол, волейбол және баскетболға арналған залдар, сондай-ақ бой қыздыру алаңы бар жеңіл атлетика аренасы ашылды.

Жеңіл атлетика аренасының трибунасы 1200 орынға есептелген. Спорт кешенінде ірі жарыстар өткізумен қатар, спортшылардың жаттығуына да барлық мүмкіндік жасалған.

Жобаның жалпы құны — 19,9 млрд теңге. ҚМГ спорт кешенін 2023 жылы маусым айында сала бастады. Жоба бүкіл команданың, соның ішінде мердігер ұйымының (BI Group холдингі) үйлесімді әрі тиімді жұмысының нәтижесінде қысқа мерзімде сәтті аяқталды.

Талқылау