Казкоммерцбанкті сату туралы келісімге қол қойылды
Халық Банк пен Казком негіздемелік келісімге қол қойды.
Бұл туралы Sputnik басылымы хабарлайды.
Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және банк секторын қалыпқа келтіру мақсатында 2017 жылғы 2 наурызда ҚР Үкіметі, ҚР Ұлттық Банкі, “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ, “Проблемалық кредиттер қоры” АҚ, “Казкоммерцбанк” АҚ және оның ірі акционерлері, “Қазақстанның Халық банкі” АҚ және “БТА Банк” АҚ арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға (бұдан әрі – Меморандум) қол қойылған болатын.
Меморандумға сәйкес “Қазақстанның Халық банкі” АҚ “Казкоммерцбанк” АҚ-тың акциялар пакетін сатып алды. Өз кезегінде, “Казкоммерцбанк” АҚ-тың акциялар пакетін сатып алу жөніндегі әлеуетті мәмілені іске асыру үшін ҚР Үкіметі және ҚР Ұлттық Банкі “Проблемалық кредиттер қоры” АҚ-тың проблемалық активтерді сатып алуы жолымен қаржылық қолдау көрсетті.
Өз кезегінде, осы Келісім Меморандумға сәйкес жасалды және тараптардың әрқайсысы Мәмілені іске асыру шеңберінде жасайтын іс-қимылдарды заңды тұрғыдан міндеттейтін негізде бекітеді. Атап айтқанда, Келісімде -«проблемалық кредиттер қоры» АҚ-тың БТА Банкінен жекелеген активтер мен талап ету құқықтарын сатып алуы; БТА Банкінің Казкоммерцбанк алдындағы несие берешегін өтеуі; бірқатар алдын ала талаптарды орындай отырып, Казкоммерцбанктің Рақышев мырзаға және Самұрық-Қазына қорына тиесілі акцияларын («Сатып алынатын акциялар») Халық Банкінің кейіннен Казкоммерцбанк капиталының қажетті жеткіліктілік деңгейін қамтамасыз ету үшін («Үстеме капиталдандыру») Халық Банкі тарапынан Казкоммерцбанкті үстеме капиталдандыру мүмкіндігімен сатып алуы және т.б.
Тараптар жақын арада Мәміле бойынша міндеттейтін қосымша құжаттарға қол қоюды жоспарлап отыр, бұл туралы қосымша хабарланады. БТА Банктің Казкоммерцбанк алдындағы берешегі 2,4 триллион теңгені құрайды.