Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қазір мен үшін бір ғана клуб бар – ол “Ақтөбе”: Арман Оспанов “Ақтөбе клубының директоры қызметіне тағайындалды

Ақтөбе фкФото:Sports.kz collage

Арман Оспанов "Ақтөбе" футбол клубының директоры қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңа басшының тағайындалуы клуб жанкүйерлері арасында наразылық тудырды. 

Бұндай алаңдаушылық өткен маусымда Арман Оспановтың "Қайратпен" келісілген матчтар болуы мүмкін деген пікірлеріне  байланысты туындады. Жанкүйерлер осы пікірге қатысты жаңа басшының өзінен нақты жауап талап етті.

Арман Оспанов бұрын "Қайраттың" фан-қозғалысында болғанын және сол кездегі сөздері эмоцияның әсерімен шыққанын атап өтті.

"Клубты басқару – бұл кәсіби жұмыс. Мұнда жеке симпатияға орын жоқ. Бүгіннен бастап менің жалғыз мүддем "Ақтөбенің" табысы. Қазір мен үшін бір ғана клуб бар – ол "Ақтөбе". "Қайрат" – біздің принципті қарсыласымыз, біз онымен әрдайым күресеміз", – деді Арман Оспанов.

Сонымен қатар, Арман Оспанов клубқа байланысты алдағы мақсат, жоспарларымен бөлісті.

"Мен үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Алдымызға нақты мақсат қойылды: Қазақстан чемпионатын жеңу және "Ақтөбені" еурокубоктардың негізгі кезеңіне, мүмкіндігінше УЕФА Чемпиондар лигасына шығару. Біздің міндет – тек қазіргі нәтиже емес, ұзақ жылдарға арналған тұрақты жүйе қалыптастыру. Ақтөбеде талапшыл жанкүйерлер бар, сондықтан салғырттыққа жол жоқ", – деді ол.

Айта кетейік, “Ақтөбе” жекенің қолына өткен еді. Клубты Qazaq Stroy компаниясының басшысы, кәсіпкер Нұрлан Артықбаев сатып алды.

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 08 Қаңтар, 2026 19:11