Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені жұмысқа алмау туралы бұйрық берген": Семей әкімдігі қаладағы проблемаларды көтерген тұрғынды жұмыссыз қалдырған

Семейлік Темірбек Малгиждаров есімді азамат қаладағы ауыз су мен жол мәселесін көтергені үшін мемлекеттік қызметкерлерден қысым көріп, жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын айтады. Семей әкімдігі желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: tiktok.com/@abai_semsk/Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Семей тұрғындарының әкімдік қызметкерлерінен шаһардағы өзекті мәселелерге қатысты жауап алып жатқан видео тарады. Темірбек Малгиждаровтың айтуынша, ол “Бобровка” және “Мұрат” саяжайларының тұрғындарына көмектеспек болған. Видеода ер адам су құбырлары үшін жердің қазылып, сол күйі көмілмей қалғанын және жол мәселесінің әлі де өзекті екенін айтады. Оның сөзінше, халық таза ауыз су ішу үшін жылына 160 мың теңге жұмсайды. Себебі тұзды су ішкісі келмейді. Осылайша, ер адам қала мәселелерін шеше алмайсыңдар деп, әкімдік қыззметкерлерінен лауазымын босатуды сұрады.

Сондай-ақ Темірбек Малгиждаровтың айтуынша, аталған мәселелерді көтергені үшін әкімдік жұмыссыз қалдырамын деп қорқытып, қысым көрсеткен.

“Еңбек етіп, өз қаласына үлесін қосқысы келетін адамдарды жақсы көремін. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің істегендерін айтып жеткізу қиын. Мен “Бобровка” және “Мұрат” саяжайларының тұрғындарына көмектескім келді. Сонда жұмыс орныма келіп, мені жұмыстан шығарғысы келді, мен туралы барлық ақпаратты сұрап-білді. Олардың жұмыстан шығарып жіберетінін білдім, сол себепті өз еркіммен жұмыстан кеттім. Бірақ әр кез жұмысқа тұру үшін әңгімелесуден өтетін кезде оларға мені жұмысқа алмау туралы бұйрық келеді. Сонда мен не үшін жылдап оқу оқыдым, не үшін диплом алдым? Мұндай қорлық көретіндей мен не істеп қойдым? Неге мемлекеттік қызметкерлер маған тіл тигізеді? Былтыр менің үйімді ішкі істер басқармасы мен ішкі департаментінің көліктері күзетті”, –дейді ашынған тұрғын. 

@abai_semsk #voiceeffects #voiceeffects #LIVEhighlights #TikTokLIVE #LIVE #semey #аягоз #семей❤️ #токаев #акорда #акорда🇰🇿 #казахстан ♬ оригинальный звук - А|S 💔

Осы мәлімдемеге қатысты Семей әкімінің бас инспекторы Берік Нұрболатұлы пікір білдірді.

“Қазір “Бобровка” және “Мұрат” саяжайларында 30 жылда болмаған жұмыстар істеліп жатыр. Онда қазір екі балалар алаңы салынды. Екі саяжайдағы көшелер түгелдей жарықтандырылды. Жексенбі күннен бастап “Бобровка” саяжайындағы асфальтті түгелдей қырылып, жаңа жол салынғаны жатыр. Ал Темірбек деген азамат тұрып жатқан “Бобровка” кентінде биыл жазда 438 абонетке су тартылды. Енді тек суды үйге қосу және жіберу жұмыстары ғана қалды. Саяжайдағы жұмыстар 100% аяқталды деп айтпаймын. Бірақ тұрғындардың жағдайын жасау үшін жұмыстар атқарылып жатыр”, – дейді Семей қаласы әкімінің бас инспекторы Берік Нұрболатұлы.

Әкімдік Берік Нұрболатұлының айтуынша, Семей тұрғыны Темірбек Малгиждаров тек қала әкімнің өзімен кездесемін деп, әкім орынбасарымен кездесуден бас тартқан. Әкімдік Семей тұрғынына мемлекеттік қызметкерлердің тарапынан көрсетілген қысымға қатысты да жауап берді.

“Қазір дамыған заман. Егер сондай нақты дерек тіркелсе, дәлелдесін. Расымен, мемлекеттік қызметкердің оған қысым көрсеткен болса ол қызметкер жауапқа тартылады. Қазір бас салып, қорқытатын 90-жылдар емес қой”, – дейді Семей қаласы әкімінің бас инспекторы.

Темірбек Малгиждаров жұмыстан шығып кеткеніне екі жыл болғанын, қажет құжаттарды жинаса да жұмысқа алмайтынын айтады. Оның сөзінше, қазір ол көмір тиеп, күн көріп жүр.

 

@abai_semsk #voiceeffects #voiceeffects #LIVEhighlights #TikTokLIVE #LIVE #semey #аягоз #семей❤️ #токаев #акорда #акорда🇰🇿 #казахстан ♬ оригинальный звук - А|S 💔

 

Талқылау