Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Казино Қонаев қаласында емес, Талғар ауданында ашылмақ

казиноФото: pixabay.com

Желіде Алматы облысының Талғар ауданында казино салу жоспарланып отырғаны туралы ақпарат тарады. Неліктен дәл Талғарда ашылатына туралы өңірлік туризм басқармасы түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengri Travel порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Басқарманың мәліметінше, құмар ойын бизнесінің мекемесі тек шетелдік туристер үшін қарастырылып отыр. Күтіліп отырған жоба туристік кластер болмақ. Оған шаңғы курорт, агротуризм және спорттық туризм нысандары, сондай-ақ казино құрылысын қамтитын кешен кіреді.

Өңірлік туризм басқармасының пікірінше, жоба Қазақстан азаматтары арасында құмар ойынға тәуелділікті арттырмайды, себебі "мекемеге кіру тек шетелдік туристер үшін ашық болады".

"Көрші елдер шетелдік туристерге арналған игорлық аймақтар ашуда, бұл туризмнің дамуына, табыстың өсуіне және өңірге қызығушылықтың артуына әсер етеді. Осындай тәсіл өңірді туристер үшін тартымды етеді, қосымша жұмыс орындарын ашады және салық түсімдерін көбейтеді", – деп атап өтті басқарма.

Басқарма өз пікірін дәлелдеу үшін соңғы тоғыз айдағы облысқа келушілер статистикасын ұсынды.

Алматы облысына 2 411 288 турист келген, оның 141 309-ы шетелдік турист. Биыл туризм саласына 27,2 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Талғар ауданын 87 799 қонақ пайдаланған, оның 6 571-і шетелдік турист. Ауданға туризм саласына 1,9 миллиард теңге инвестиция салынған.

Туризм басқармасы бүгінгі таңда "турист үшін бәсекеге қабілетті болу маңызды" деп санайды, сондықтан қонақтарға қызықты және әртүрлі демалыс ұсыну қажет.

"Бүгінде өңір қонақтары Конаев қаласында дрейфт-таксиға мініп, Талғар ауданында шаңғы тебіп, әдемі Көлсай көлдеріне барып, Шарын шатқалының керемет көрінісін тамашалап, емдік ыстық көздерде шомыла алады", – деп атап өтті ведомство.

Басқарма туристік секторды дамытуды жалғастырып, "демалыс мүмкіндіктерін кеңейту және қонақтар санын арттыру" мақсатына ұмтылып отырғанын айтты.

Айта кетейік, Қазақстанда "Игорлық бизнес туралы" заңға сәйкес, казино, ойын автоматтары залы, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар тек екі аймақта ашылуы мүмкін. Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысындағы Бурабай ауданында. Аталған аумақтардың нақты шекарасын әкімдіктер бекітеді.

Казино, ойын автоматтары залы, букмекерлік кеңсе немесе тотализаторларды орналастыру аумағының өзгеруі жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Ал әкімдіктердің өздері аумақ шекарасын өзгерте алмайды.

Тек мына жағдайларда ғана ерекшелік қарастырылған:

•    ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау,
•    адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау,
•    тарихи-мәдени мұра объектілерінің бүлінуін болдырмау,
•    ел қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет болған жағдайда.

Сонымен қатар Талғар ауданы казино ашуға рұқсат етілген аймақтарға кірмейді. Сондықтан казино салу үшін заңға өзгеріс енгізу немесе жобаның осы бөлігінен бас тарту қажет болады.
Қазір аудандағы туристік кластер жобасы уәкілетті мемлекеттік органдарда қаралуда, олар жобаны іске асыруға қатысты шешім қабылдауға тиіс.


Футболкасынан камераны байқаған: Қазақстандық ерлі-зайыпты Австралиядағы ойынханадан 613 миллиард теңгеден астам ақша ұрлады деп айыпталды


Алматыда PokStars және LuckyShark онлайн-казиноларының ұйымдастырушылары сотталды


Еске салайық, бұған дейін Қонаев қаласында шетел инвесторлары екі жаңа казино нысанын салып жатқанын жазған едік. Әкімнің айтуынша, жаңа нысандар екі жерде салынбақ. Біріншісі бұрынғы "Aladdin" казиносының жанында орналасқан аумақта. Бұл жерді араб елдерінен келген кәсіпкерлер сатып алған. Қазір мұнда қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Оның аясында бес жұлдызды қонақ үй және оған қосылатын ойын кешені салынбақ. Екінші нысан тікелей Қонаев қаласының өзінде салынады. Жоба қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда және тек әуе рейстерімен келетін шетелдік туристерді тартуға бағытталған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 06 Желтоқсан, 2025 18:21