Қазақстандықтар қант диабетімен ауыратындарға тегін медициналық көмек тоқтатылатынына шағымданды: Бұған министрлік не дейді
Фото: freepik.com
Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желіде тараған қант диабетімен ауыратын пациенттерге медициналық көмек пен дәрі-дәрмектер шектеледі деген ақпаратқа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Дамиани Мырзағалиев есімді желі қолданушысы бала кезінен қант диабетімен ауыратынын, Қазақстанда қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып тастау туралы шешім мыңдаған адамға шығарылған үкім екенін мәлімдеген еді.
"Бұл қалжың немесе кликбейт емес, Қазақстанда қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып тастағысы келеді. Бұл дегеніміз – енді мемлекет қант диабетін ресми түрде мәселе ретінде мойындамайды. Демек енді қолдау көрсетілмеуі де мүмкін, дәрілер, жеңілдіктер, қорғау болмауы мүмкін. Шприц-қаламды мен 7 жасымнан бері күн сайын қолданамын. Күнде өзіме инсулин саламын, міне, осыны алып тастамақ. Оған қоса, түйрегішті, қантты өлшеуге арналған жолақтарды және қандағы қант деңгейін көрсететін аппаратты да. Ал осы диагнозбен өмір сүріп жатқан, инсулинге ақшасы жоқ балалар, егде жастағы адамдар, қарапайым адамдар қайтеді? Бұл жай ғана медициналық шешім емес, мыңдаған адамға шығарылған үкім екенін түсінесіздер ме?", – деген еді ол желіге жүктеген бейнежазбада.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда қант диабеті диагнозымен диспансерлік есепте 535 мыңнан астам адам, оның ішінде 5 625 бала тұр. Олардың барлығы қажетті дәрі-дәрмектерді тегін алады.
"Барлық мұқтаж адамдарды қамту және өсіп келе жатқан қажеттіліктерді жабу үшін келесі жылдың қаңтар айынан бастап қант диабеті кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС жүйесі арқылы іске асырылады. Бұл әдіс тұрақты және уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – делінген ведомство хабарламасында.
Бүгінгі таңда қант диабетімен ауыратын пациенттердің 96%-ы МӘМС жүйесімен қамтылған. Балаларға, зейнеткерлерге, жүкті әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға және басқа да осал топтарға мемлекет сақтандыру төлейді.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер тізбесін жаңартты. Ведомство мәліметінше, енді тиімділігі дәлелденген препараттар ғана қалады.
"Жаңа буын инсулиніне – деглудекке қолжетімділік кеңейіп келеді, ол қазір пациенттердің барлық санаттарына, соның ішінде жүкті әйелдер мен балаларға қолжетімді болады. Қант диабеті — мыңдаған қазақстандықтардың өміріне әсер ететін аурулардың бірі ретінде әрдайым мемлекеттің ерекше бақылауында болады", – делінген хабарламада.
Мемлекет қант диабетімен ауыратын пациенттерге айтарлықтай қаржы бөліп отыр. Министрлік дерегеніше, жағдайдың ауырлығына байланысты бір науқасқа жылына 618 теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін жұмсалады екен. Жалпы шығын көлемі жылына – 46 млрд теңге.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
