"ҚазАзот" аумағындағы төтенше жағдайдан бірнеше адам жарақат алды: Кәсіпорын мән-жайды жария етпеді

Фото: “ҚазАзот” АҚ
Ақтаудағы "ҚазАзот" АҚ зауытында төтенше жағдай орын алып, бірнеше адам жарақат алды. Дегенмен кәсіпорын мұның нақты себебі мен мән-жайын жария етпеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Компанияның мәліметінше, оқыс жағдай кәсіпорын аумағында болған.
"Бұл – біз үшін аса ауыр жағдай. Зардап шеккен әріптестеріміз бен олардың жақындарына шынайы жанашырлығымызды және қолдауымызды білдіреміз. Оқиға орын алған сәттен бастап компания тарапынан барлық мүмкін көмек көрсетілді. Бастамамызбен еліміздің бас реаниматологы мен термиялық күйік саласына маманданған жетекші дәрігер оқиғаға араласты. Барлық медициналық шығындар толықтай кәсіпорын есебінен өтеледі. Біз зардап шеккендердің отбасы және емдеуші дәрігерлермен тұрақты байланыстамыз. Олардың толық қалпына келіп, жұмысқа оралуы үшін барлық қажет шараларды қабылдаймыз", — делінген "КазАзот" АҚ ресми хабарламасында.
Компания сондай-ақ оқиға жөнінде тиісті мемлекеттік бақылау органдарын жедел түрде құлағдар еткенін, қазір ресми тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
"Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 189-бабына сәйкес, комиссия төрағасының келісімінсіз куәгерлерден жауап алу немесе кез келген параллель тергеу жүргізу қатаң түрде тыйым салынған. Осыған байланысты барлық тексеру аяқталғанға дейін оқиғаның нақты мән-жайлары жария етілмейді. Компания уәкілетті органдармен толық ынтымақтастық орнатқан және барлық іс-қимылды заң аясында жүзеге асырып жатыр", — деп атап өтті кәсіпорын.
Оқиғаға байланысты тергеу нәтижелері мен алдағы шаралар жөнінде қосымша ақпарат беріледі.
"Дәрінің құны 1,5 миллиард теңге": Бұлшықеті әлсіз қазақстандық бүлдіршінге денсаулық сақтау министрлігі көмек көрсетуден бас тартқан